Спорт

“Құлагер”- “Астана” матчы 7:1 есебімен аяқталды

Кеше петропавлдық “Құлагер” биылғы маусымдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді. Айдын иелері елордалық “Астана” хоккейшілерінен 7:1 есебімен басым түсті.

Бір қақпа алдындағы ойын. Құлагер мен Астана арасындағы алғашқы кездесуді екі ауыз сөзбен осылай сипаттауға болады. Бүгінге дейін бір де бір ұпай жинамай, арьергардта тұрған елордалық құрама қақпасы матчтың екінші минутында-ақ сыр берді. Шайба соққан – Федор Хорошев.

Бірақ он үшінші минутта Астана шабуылшысы Василий Анискин есепті теңестірді. Бұл қонақтар көрсеткен алғашқы әрі соңғы нәтижелі қарсылық болды. 60 минуттық ойында 8 бірдей шайба салынса, жетеуі Құлагерге тиесілі. Бірінші периодта тағы Исмагилов пен Логинов ерекшеленді. Екінші 20 минуттықта Денис Стасюк дөп түсті. Ал Ильнар Мисбахов болса бас айналдырарлық дубль жасады.

Есеп 6:1. Жеңіс айдын иелерінің қалтасында. Сондықтан бас бапкер Олег Гущин үшінші периодта корғанысы тас қамал Янковты қосалқы қақпашы Глеб Казаченкоға алмастырды. Жас қақапашы астаналықтардың 11 жойқын соққысының бәрін тойтарды. Ал матч аяғына 11 минут қалғанда Александр Храмков 8-ші шайбаны салды.

Есеп бұдан да ірі болар ма еді. Алайда, екінші периодта құлагер соққан шайба қақпа сызығынан әрі аспағандықтан есепке алынбады. Ал үшінші кезеңде төрешілер конькимен соғылған Астана шайбасын есептемеді. Қанша дегенмен, қорытынды есеп – 7:1.

Максим Первухин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Біз үшін кез-келген ойын маңызды. Қарсылас аутсайдер болсын, көшбасшы болсын қарқынды дайындаламыз. Бірақ, бүгін мұндай жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойламаған едік. Қарымта матчта да жанкүйерлерді қуантуға тырысатын боламыз.

Былтырғы маусым чемпионы Арланмен өткізген екі сәтсіз ойыннан соң бұл жеңіс петропавлдық құрамаға ауадай қажет болды. Астанаға қарсы өткізген алғашқы кездесуден соң Құлоагер кестеде 4-ші тұр. Ал қарымта кездесу бүгін, кешкі жетіде өтеді.

 

Саят Ермек