Қоғам

Қаланың көше атауларындағы қателіктер шаш етектен

Зоя Космедемьянская емес – Зоя Космодемьянская көшесі. Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі осы көше атауында бір әріпте қателік жіберілген. Жергілікті тұрғындар сауатсыз жазылған тақтайшаға қатысты наразылықтарын білдіріп, олқылықты түзету керек деп шағымдануда.

Бұл – облыс орталығының Жұмысшы кентіндегі Зоя Космодемьянская көшесі. Кезінде фашизммен күрескен азаматшаның есімімен ескінің адамдары жақсы таныс. Сол себептен көше атауының тақтайшаларында жіберілген қатені олар бірден аңғарған. Ал кеңестік тарихтан хабарсыз тұрғындар мән бермей жүре беріпті. Осы аудан тұрғындары үй қабырғаларындағы жазуды күнде көріп жүр. Тек амалсыз іштей тынуға мәжбүр.

– Осы ауданда тұрып жатқаныма 8 жыл болды. Бәлкім, бұрындары көшенің атауы қатесіз жазылған да шығар. Тақтайшасы жаңа көрінеді, соған қарағанда жақында ауыстырыпты. Меніңше, көше атауларына жөндеп мән беруі керек.

– Көше атауындағы әріп қателіктері туралы ескертулер әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Бұл олқылыққа өз ісіне салғырт қараған мамандар жауапты деп санаймын. Не болмаса тақтайшаны жасау кезінде де қате жіберілуі мүмкін.

Шаһардағы көше атаулары жазылған тақтайшаларды орнатуға қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі жауапты. Өз кезегінде олар маңдайша жасаушы компанияға жүгініп, тапсырыс беретін көрінеді. Қазір көше атауындағы қателіктің осы тапсырысты орындаушы тараптан кеткені анықталып отыр.

Дархан Айтпаев – Петропавл қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің инспекторы:

– Бүгінге дейін қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі қатесі бар көше аттарын анықтау бойынша мониторинг жүргізді. Әзірге 8 атауда әріптердің дұрыс жазылмағандығы анықталып, олар жаңасына алмастырылды. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүргізілетін болады.

Қалалық мәслихат депутаты Павел Афанасьев те көше тақтайшаларындағы қателіктер Зоя Космодемьянской көшесінен бөлек, өзге жерлерде жетіп артылатындығын ашына айтып отыр.

Павел Афанасьев – қалалық мәслихаттың депутаты:

– Соңғы кезде көше атауларын жаңартқанда әріптегі қателіктерді байқап жатамыз. Мәселен, қаладағы бас көшелердің бірі – Жамбыл Жабаев көшесі. Ондағы тақтайшада қазақша-орысша атауы Жамбыл көшесі деп жазылған. Өрескел қателікті тұрғындарымыз Труда көшесінде де бар екендігін айтып жатыр. Қазақшалағанда оны “Еңбек көшесі” деген дұрыс болар еді. Тағы сапаржай ауданындағы Батыр Баян көшесінің орысша атауында да олқылықтар бар.

Түрлі себептермен орын алған қателіктерді түзеу үшін әрине, аз-мәз шаруа тындырылуда. Мәселен, жыл басынан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары, осындай әріп қалып қою, жаңылысу фактілерін анықтау мақсатында қала көшелерінің 13-інде тексерістер жүргізіпті.

Бахыт Садвокасов