Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Арзан бағаға сапалы азық түлік. Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бескөл мен Соколовка ауылдарында өткізілген шарада көкөніс, ет, жұмыртқа, бал және мал азығы саудаға шығарылды.

Бескөлдіктер автостанция аумағында автобустарды ғана күтпейді. Олар әр сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін де тосады. Сондықтан арзан бағаға азық-түлік алғысы келгендер демалыс күндері мұнда көптеп жиылған. Қысқа қор жинаймын деген қызылжарлықтар әсіресе, көкөніс өнімдерін көптеп алып жатыр. Орамжапырақ, сәбіз, картоп, сарымсақ алуға келгендер ұзын-сонар кезек құрып, өнімдерді қаппен тасып жатыр. Өйткені бағалары қалтаны қақпайды.

– Сарымсақ алдым екі қап – 45 теңгеден. 2 мың теңгеден асты. Тағы 2-3 келі ет алдым. 1200 теңге.

 – Орамжапырақ, сәбіз, қызылша бәрінің бағасы арзан.

– 10 жұмыртқа алдым. Арзан. Тауықтың етін алдым. Енді капустаға бара жатырмыз.

Сауда сөрелерінде бұл күні жұмыртқаның ондығын – 165, майдың келісін – 2 мың теңгеге, балдың да литрін сонша бағаға алуға мүмкіндік болды. Қара малдың еті- 1350, жылқы еті – 1600 теңге, үйрек – 650 болса, қаз еті үшін – 1100 теңге бересіз. Әлпеш Оразалинова жәрмеңкеге ылғи келеді. Тек тұтынушы емес, сатуышының рөлінде. Ол өзі өсірген мал өнімдерін саудалайды.

Әлпеш Оразалинова – кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Біз сиырдың, жылқының етін әкелдік. Қазы, қарта, шұжық бар.

Мұнда шөп пен сабан да саудаға шығарылыпты. Олардың тоннасы – 15 мыңнан сатылды. Ал азық-түлік өнімдерінің 15-тен астам түрі ұсынылыпты. Шараға аудандағы селолық округтер ғана емес, осындағы кәсіпорындар да қатысып жатыр.

Аманжол Сәкенов – Қызылжар ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгінгі жәрмеңкеге «Сервис Жарс», «Зенченко и К», «Загот Интер», «Бескөл құс фабрикасы» сынды кәсіпорындар қатысуда. Олар құс, жем-шөп өнімдерін және көкөністерді әкелген. Кей серіктестіктер шұжық, консервілдерін де саудаға шығарып отыр. Жалпы біздер қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында мұндай жәрмеңкелерді жылда ұйымдастырып тұрамыз.

Жәрмеңкеге келген тұрғындардың көңілі тоқ. Өйткені тауарлардың құны әдеттегіге бағаға қарағанда, 20 пайызға төмен. Тағы мұнда жиылған қауым қызылжар аудандық өнер ұжымдарының концертін тамашалауға мүмкіндік алды.

Бұл күні нақ осындай шара Соколовка аулының тұрғындары үшін де ұйымдастырылды. Қолжетімді бағаға азық-түлік алуға ниеттенгендер стадион аумағына жиылды. Жалпы Қызылжар ауданында өткізілген жәрмеңкеде – 10 млн теңгенің өнімі саудаланыпты.

 

Магжан Ахмадина