Құқық қорғау органдары

Өткен сенбі Петропавлда жаяу жүргіншіні көлік қақты

Өткен демалыста қаладағы Жәлел Қизатов көшесінде жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан петропавлдықты көлік қағып кетті. Жапа шегуші аман қалған, бірақ, қазіргі жағдайы ауыр. Темір тұлпар жүргізушісі болса, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босталған.

Бақыт Сәдуақасов – тілші:

– Жан түршігерлік жол апаты Жәлел Қизатов көшесінде сенбі күні орын алған. Жаяу жүргіншілер өтетін жерден өтіп бара жатқан 28 жасар жігітті жол талғамайтын көлік жоғары жылдамдықпен қағып өткен.

Сол күнгі жол-көлік оқиғасында жаңағы жаяу жүргіншінің жанында баласы да болған. Абырой болғанда жеткіншекті періштесі қағып, ол зардап шеккен жоқ. Ал әкесінің керісінше жолы болмады. 28 жасар петропавлдықты санаулы минуттарда жедел-жәрдем көлігі №3-ші қалалық ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның аяғын аман сақтап қала алмады. Оның үстіне жапа шегушінің оң жақ жамбасы да сынып, тағы соққыдан бас-ми жарақатын алыпты. Қазіргі таңда жерлесіміздің жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланып отыр.

Вали Беденов – №3-ші аурухананың травматолог-ортопеді:

– Ауруханаға жеткізілген науқасқа қансырау шогына қарсы терапия жүргізілді. Сол аяғын тізеден төмен кесуге тура келді. Денсаулығы сәл оңалған соң оны травматология бөлімшесіне ауыстыратын боламыз. Біз қолдан келгенше науқастың тез сауығып кетуіне қажетті ем-дом шараларын жүргізіп жатырмыз.

Жол жүру ережесін өрескел бұзып, адам соққан көлік жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытып кеткен. Апат орнынан жалтарған темір тұлпар иесін тәртіп сақшылары 20 минуттан соң, Новопавловка шағын ауданында құрықтапты. Тексеріс кезінде жол талғамайтын көлікті басқарған күдіктінің мас болғандығы анықталды. Қазір ол өз кінәсін мойындап, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Шәмшиден Ақышов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығының орынбасары:

– 1988 жылы туған азамат “Монтеро спорт” көлігімен адамды соғып кетті. Жүргізушіні медициналық куәландыруға апарғанда оның алкоголь ішкендігі белгілі болды. Факті бойынша бүгінде ҚР ҚК 45-ші бабының 2-ші тармағы бойынша іс қозғалды.

“Сақтансаң, сақтармын” демекші, петропавлдық полицейлер жерлестерімізге жолды кесіп өткенде сақтық шараларын ұстанып, абай болуды ескертеді. Өйткені, мас күйде рөлге отыратындар көбеймесе, азайған жоқ. Мәселен, жыл басынан қала жолдарында 400 жүргізуші көлік құралын масаң күйде тізгіндегенде қолға түсіп қалған.

 

 

Бахыт Садвокасов