Әр түрлі

Теріскейліктер тегін картоп теріп жүр

Бақандай алқаптағы күзгі өнім тұрғындарға бұйырды. Теріскейліктер 65 гектар танапта өсірілген тегін картопты теріп жүр. Бір қызығы бұл ырыздықты жекеменшік кәсіпкер ала жаздай күтіп баптапты. Бірақ, орақ маусымы кезінде дақылды жинауға құлық танытпаған.

65 га картоп алқабы Бескөл селосының іргесінде орналасқан. Қазір ол жерде ондаған адам өнім жинап жүр. Солардың арасында 66 жастағы Қайырбай Садыров та бар. Жерлесіміз танапқа осыдан 3 сағат бұрын келіп, картоп қаза бастапты. Бұл уақыт ішінде ел ағасының еңсерген жұмысы ауқымды. Ол 2 қаптан аса дақылды бір жерге үйіп қойыпты.

Қайырбай Садыров – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Үйде картопты 3 сотық жерге егіп едім. Аздау болып қалды. Сосын мынаны естіп осында келіп, жинап жатырм.

Ала жаздай бапталған картоптың шығымы жаман емес. Оған біздің де көзіміз жетті.

– Тұрғындардың иелігіндегі алқап биыл өте жақсы өнім беріпті. Мәселен, мен өзім танапты аралап жүріп мынандай көлемдегі картоптарды тауып алдым. Ал, егер де қазатын болсам, одан да үлкен өнім шығаттындығы айдан анық.

Қап-қаптап картоп теріп жүрген тұрғындар өнімге дән риза. Олардың біразы көкеністі өздері жеу үшін қазып жатқандықтарын айтады. Ал, кейбірі малға азық ретінде бермекші. Айта кетейік, осындай ірі көлемдегі аумаққа дақыл еккен жомарт кәсіпкер есімін жарияламауды жөн көрген. Оның ырыздықты не себепті термегені де белгісіз қалып отыр.

 

 

Култанов Байболат