МТРА жаңалықтары

СҚО ІІД мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда

Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету. Бұл – еліміз ұстанған саясаттағы басым бағыттардың бірі. Осы маңызды мәселені бүгін облыстық ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның мүшелері көші-қон қызметі басқармасының полицейлерімен талқылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету барысында қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын барынша азайту міндетін қойған болатын. Бүгінде теріскейлік көші-қон полицейлері осы бағытта ауқымды шаруа атқаруда.

Талғат Әбілов – СҚО ІІД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

 – КҚКБ басым бағыттарының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Есепті кезеңде көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 234500 құрады. Қағаз түрінде – 4800, баламалы негізде-17000, электронды түрде – 18800 қызмет көрсетілді.

Тікелей қарым-қатынасты азайту принципі мемлекеттік қызметтердің еш кедергісіз, ашық көрсетілуін қамтамасыз етеді. Мәселен, жыл басталғалы СҚО аумағында 18 мыңнан астам шетел азаматтары тіркелген. Олардың үш мыңы біздің өңірге нәпақа табу үшін келіпті. Бұрын бұл жандарды тіркеп, еңбек патентін беру үрдісі 5 күнге дейін созылып кететін. Енді қажетті рұқсаттаманы бір тәуліктің ішінде алуға болады.

Жасұлан Ахметов, СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші орган төрағасы:

– Адамдар қызметтерді кезекте тұрмай-ақ алады. Бұл маған ұнады. Осы бағытта атқарылған жұмыстың ауқымы бойынша СҚО ІІД басқа өңірлерден көш ілгері келеді. Себебі мұнда барлығы адамдардың ыңғайлылығы үшін жасалған.

“Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова да тәртіп сақшыларының жұмысына сандық технологияларды ендіру қызмет сапасын арттыруға септесетінін ерекше атап өтті.

Саят Ермек