Қоғам

2 петропавлдық ПИК БҰҰ грантын ұтып алды

Петропавлдағы екі бірдей пәтер иелерінің кооперативі БҰҰ-ның грантын ұтып алды. Өздерінің бизнес жобаларын сәтті қорғаған ұйымдар ендігі кезекте қомақты қаржыға подъездерін сырлап, терезе мен батареяларын ауыстырып, жарық датчиктерін орнатып жатыр.

Бұл – Мир көшесі 110 мекен-жайындағы тұрғын үй. Қабырғасы 70-ші жылдары қаланған баспананың қазір барлық подъездері жөнделіп жатыр. Ылғи сыз тартып тұратын қабырғалар қалыпқа келтіріліп, жаңа пластикалық терезелер орнатылған. Ескі жылу батареялары мен кіре беріс есіктер де ауыстырылып, замамануи әрі үнемдегіш жарық құрылғылары орнатылыпты. Яғни, подъездегі жарық арнайы датчиктің арқасында адам өткен кезде ғана жанады. Ал қозғалыс болмаса сөніп қалады. Бұл да соңы емес, мұнда әдемі, жаңа пошта жәшіктеріне де тапсырыс берілген. Жуық арада олар да орнатылады. Мұндай оң өзгерістерге баспана тұрғындары дән риза.

Ольга Рабинович – Мир көшесі, №110 үй тұрғыны:

– Біз үшін бұл нағыз фантастика. Себебі бұған дейін подъездер лас және сыз басқан болатын. Үй бірде-бір рет жөндеу көрмеген еді. Біздің кооператив байқау жеңімпазы атанды деп естігенде, үш күннің ішінде жарты миллион теңгені жинап бердік, себебі қалай да жобаны жүзеге асыру қажет болды. Қабырға түстерін бәріміз бірігіп таңдадық, жөндеуге тұрғындар белсене араласып жатыр. Нәтиже көңілімізден шығуда, өте қуаныштымыз.

Жөндеу үшін қаражат қайдан алынды? Мұндағы “Мир-2” ПИК төрайымы Рашида Морозова БҰҰ ұйымдастырған конкурска қатысып, жөндеу жұмыстарына 4 млн теңгенің грантын ұтып алыпты. Ол алдымен бизнес жоспар жазған, кейін құжатты Елордаға жіберген. Осылайша, жүздеген үміткердің арасында жеңімпаз атанған.

Рашида Морозова – “Мир-2” ПИК төрайымы:

– Мен қыркүйек айында ПИК төрағаларының біліктілігін арттыру курстарына қатысқан едім. Байқау жайында сонда білдім. Ынталы тұрғындарды жинап, арнайы топ құрдық. Жоба әзірлеп, нәтижесінде грант ұтып алдық. Оны жүзеге асыру үшін үй тұрғындары 500 мың теңге жинап берді. Әзірге гранттың екі миллионын алдық, ол қаржыға жұмыстың алғашқы бөлігін тәмамдадық. Енді атқарылған шаруа жайлы есеп жазу керек. Содан соң ғана, қаражаттың қалған бөлігі беріледі.

Бұл конкурста Қазақстан бойынша 12 кооператив жеңімпаз атаныпты. Байқау тұрғындардың белсенділігін арттырып, кооперативтердің жұмысына серпін беруді көздейді.

Сергей Худяков – СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Шараға қатысып, жеңімпаз атану үшін тұрғындар арнайы топ құрып, өз баспаналарын жөндеуге белсенді ат салысуы тиіс болды. Яғни пәтер иелері үйдің проблемаларын талқылап, оларды жою бойынша бірлескен жоба әзірледі. Жеңімпаз атанған баспана тұрғындары жөндеуге қажетті қаражаттың тек 10 процентін өтеді. Қалғанын ұйымдастырушылар сыйға тартты.

ПИК байқауы Қазақстанда БҰҰ дамыту бағдарламасы аясында инвестициялар және даму министрлігінің мұрындық болуымен өткізілген. Оған 3 петропавлдық копператив қатысса, екеуі жеңімпаз атаныпты. Бірі “Мир-2”, ал екіншісі “Север” тұтынушылар кооперативі. Қазір соңғылар да бөлінген қаражатқа баспаналарын жөндеп жатыр.

Саят Ермек