Қоғам

Дауларды сотқа жеткізбей шешу

Билер институтын жаңғырту қажет. Мұндай бастаманы ҚР Жоғарғы сотының өкілдері ұсынып отыр. Бұл – дау-дамайларды судьялардың қарауына дейін шешуге септеседі екен. Қазір аталған шаруа еліміздің кей аймақтарында сәтті жүзеге асуда. Өңірге келген меймандар дау-жанжалдарды ушықтырмай, бітімге келумен аяқтаудың тағы бірнеше жолын қарастырды.

Дауды сотқа жеткізбей шешуге болады және шешу қажет! Бұл бүгінгі отырыстың басты тақырыбы. Себебі, жыл сайын 6 млндай қазақстандық сот процесіне араласады екен. Осы істердің кей бөлігін фемида өкілдерінің қарауына дейін жеткізбеу мүмкіндігі бар. Алайда, тұрғындар оны ойлап бас қатырмайтын көрінеді. Бұған статистикалық мәліметтер дәлел. 2013 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны 1,4 млнды құраса, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Осылайша бір айда әр судья 40-тан астам дауды шешуге мәжбүр. Ал, халық саны 80 млннан асып жығылатын Германиядағы фемида өкілдері бар-жоғы 5 материалды қарастырады екен. Бұл оларда азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істердің жоқтығын емес, медиация ісінің жолға қойылғанын көрсетеді.

Сағатбек Сүлеймен – ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі:

–  Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өршіп тұрған даулардың көпшілігі – отбасылық даулар. Оның ішінде: неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент. Елімізде әрбір 3-ші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылуда. Сонда, орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке не ана тәрбиесінен айырылып отыр.

Қоғамдық даукестік деңгейін төмендетудің бірнеше жолы бар. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы да дәл осы мәселені қарастырады. ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен ақпараттық түсіндіру шараларын күшейтіп, бітімгерлік орталықтарды ашу қажет дейді. Бұдан бөлек, заңнамаға да өзгерістерді енгізу артық етпейді. Тағы бір шешім – алқа билер институтын жаңғырту. Осылайша, әр ауыл, аудан мен қалада елді аузына қарата алатын сыйлы адамдарды сайлау қажет. Бұл бастама бүгінде Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында сәтті іске асуда. Жобаны енді, теріскейліктерге қолға алған жөн. Себебі, біздің өңір сот істері бойынша республикалық көрсеткіште көш бастап тұр.

Айдар Смағұлов – Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– 2018 жылдың 9 айында облыс соттарымен 9530 азаматтық іс қаралды. Бүгінде олардың 902-сі екі жақтың бітімгерлікке келуімен аяқталды. Осылайша, мемлекеттік баждың 62,5 млн қайтарылды.

Қазір облыста ұрыс-керісті сотқа дейін шешу мәселесі бойынша 2 бірдей пилоттық жоба жүзеге асуда. Оның аясында ондағана татуластыру кабинеттері ашылыпты. Дауды ушықтырмай, ымыраға келтірумен бүгінде өңіріміздің 305 медиаторы айналысады.

Эльмира Садвокасова