Қоғам

Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі – заман талабы

Петропавлда республикалық ақпараттық топтың мүшелері семинар өткізді. Жиында латын графикасына көшуге байланысты алда тындырылатын жұмыстар сөз болды. Бүгінге дейін Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты жаңа алфавитке негізделген қазақ тілі емлесінің ережесін құрастырған.

Бүгінде елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарымен ұлттық комиссия айналысады. Арнайы топ мүшелері әліпбиді латын қарпіне көшіру жоспарының кезең-кезеңімен орындалуын қадағаламақ. Осы жұмысты сапалы әрі мерзімінде атқару мақсатында ұлттық комиссия жанынан тағы орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық-ақпараттық жұмыс топтары жасақталған көрінеді. Бүгін елордалық комиссия мүшелері теріскейге келіп, негізгі жұмыс бағыттарын баян етті.

Бекжан Әбдуәлиұлы – Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры:

– Семинар аясында латынға көшудің мәселелері, алда тұрған қиындықтар және оны шешудің жолдары қазақ тілінің емле ережесіне байланысты талқыланады. Және емле ережесінің маңызы түсіндірілетін болады. Адам есімдерінің жазылуы, кирилл алфавитінде кеткен олқылықтарды шешу жолдары қаралады.

Осылайша, еліміз латын қарпіне 2025-ші жылы толықтай ауысады деп күтілуде. Бұл жұмыстар 3 кезеңнен тұрады. Әзірге 2020-шы жылға дейін жаңа алфавиті көпшілік арасында насихаттау жұмыстарына екпін беріледі. Солтүстік Қазақстан облысында да қазақ тілі әліпбиіне біртіндеп көшу шаралары тиісінше атқарылып жатыр. Қазір қалада латын қарпін оқытатын курс бар. Ондағы сабаққа мемлекеттік орган қызметкерлері мен барлық жастағы тұрғындар қатыса алады.

Әсем Сүлейменова – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бөлімінің басшысы:

– Осы жылы облыс бойынша насихат жұмыстарын өткіздік. Халыққа қазақ әліпбиінің кирилицадан латынға көшудегі қажеттілігін, маңызын түсіндірдік. Ол шаралар Петропавл мен аудандарда өтті.

Айта кетейік, ақпараттық топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын Аққайың мен Тайынша аудандарына да жүргізбекші.

Бахыт Садвокасов