Бизнес және экономика

Елімізде Әл-Фараби сериясмен шыққан банкноттар алмастырылып жатыр

Әл-Фараби сериясымен шыққан банкноттарды алмастыратын соңғы мүмкіндік. Елімізде ғұламаның суреті бейнелеген баяғы ескі ақшалар осыдан 11 жыл бұрын күшін жойғанымен, оларды әлі де жаңа нұсқасына айырбастауға болады. Бірақ, Қазақстан Ұлттық банкі бұл шаруаны қарашаның 15-нен кейін тоқтатпақ.

Бұл банкноттарды аға буын өкілдері болмаса, кейінгі толқын білмейді. Себебі, олар 2007-ші жылы айналымнан алынып тасталды. Содан бастап, отандастарымызға ескі үлгідегі ақшаларды ауыстырып алу мүмкіндігі берілді. Әл-Фараби сериясындағы банкноттарды әлі де тапсыруға болады. Ол үшін Ұлттық банкке барып, мамандарға жүгіну қажет.

Александр Афанасьев – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ касса меңгерушісі:

– Егер де біреуде ескі үлгідегі банкноттар қалса, оларды үстіміздегі жылғы 15-ші қарашаға дейін айырбастауға болады. Ол үшін азамат біздің банкке банкнотпен қоса, төлқұжатын алып келуі қажет. Осы жерде біз Әл-Фараби бейнелегенген купюраны айналымдағысына ауыстырып береміз. Мекеменің кассасы таңғы 9-дан күндізгі 15:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі күндері демалыс. Айта кетейін, ескі үлгідегі ақшалар 15-нен кейін мүлдем қабылданбайды.

Бір қызығы, мұндай банкноттар халықта әлі күнге дейін бар. Мәселен, жыл басынан бері банкке 200-ге жуық адам жүгініп, ескі үлгідегі қалып қойған ақшаларын қазіргі баламаларына алмастырып алыпты. Соңғы айырбастаушы банкке осыдан 2 апта бұрын ғана келген екен. Тағы, тұрғындар жергілікті қаржы ұйымдарында алтын құймаларын да сатып ала алады.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Алтын құймалар тұрғындарға 2-ші деңгейлі банктерде сатылады. Мысалы Петропавлда оны 6 бірдей қаржы ұйымы саудалайды. 999 таңбалы бағалы дүние Қазақстанда жасалған. Сапасы өте жоғары. Қазіргі таңда саудада 10, 20, 50, 100 граммдық алтын құймалары бар. Алдағы уақытта тұрғындарға 5 грамм алтын да қолжетімді болады.

Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық банктің жергілікті филиалы 2-ші деңгейлі қаржы ұйымдарына тұрғындардың сұрауы бойынша 21 алтын құймасын беріпті.

Байболат  Култанов