Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы жолдауы колледж ұжымына түсіндірілді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары келді. Бүгін халық қалаулылары Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде болды. Құрметті меймандар білім ұясында оқытушылар және студенттермен кездесіп, жолдау жүктеген міндеттерді түсіндірді.

Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Елбасы жолдауының түрлі бағыттарына тоқталды. Мәселен, Сапар Ахметов жиналғандарға «Педагог мәртебесі туралы» заңының беретін мүмкіншіліктері жайында баяндады. Оның айтуынша, жаңашылдық орын алысымен, ұстаздар қосымша жұмыстардан босатылмақ. Нәтижесінде мұғалімдердің / өз тәжірибелерін артырруға уақыттары көбейеді.

Сапар Ахметов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ұстаздардың қоғамда биік орны болу керек. Олар балаларға білім берулері керек. Оған қоса педегогтар өздерінің біліктіліктерін арттырулары міндетті. Бұған уақыт керек.

Ал, халық қалаулысы Альберт Рау өндіріске қатысты Президент тапсырмаларын әңгімеледі. Өзімізге жақсы мәлім Елбасы саяси маңызды құжатта бәсекеге қабілетте тауар шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсету керектігін айтты. Осылайша, экспорт көлемін ұлғайтуды жүктеді. Бұл ретте депутат жастарды сапалы білім алуға шақырып отыр. Себебі, мейман мемлекет экономикасын алға жетелейтін бүгінгі ұл-қыздар екендігін алға тартты.

Альберт Рау – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

–  Үкімет өндіріске қанша қаржы құйғанымен біз білікті мамандарсыз ешнәрсе істей алмаймыз. Сондықтан, сіздер, бүгін білім алуға ұмтылуларыңыз қажет. Сонда ғана жұмысын сапалы атқаратын қызметкер атанасыздар. Елбасы да өздеріңізге сенім артып, келер жылды Жастар жылы деп бекітті.

Альберт Рау сөз еткен кәсіпорындардың арасында Петропавл ауыр машина жасау зауыты да бар. Бұл өндіріс ошағына биыл 2,2 млрд теңге бөлініпті. Ол қаржыға өнімділігі жоғары заманауи 30 білдек сатып алынған. Тағы, кездесуде Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева Елбасының денсаулық сақтау саласына қатысты айтқанына тоқталды. Әсіресе, мейман болашақта Астана қаласында онкологиялық орталық ашылатындығын және оның мүмкіндіктерін түсіндірді. Ал, жиын соңында студенттер мен оқытушылар қонақтарға сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Байболат  Култанов