Спорт

Булаево қаласында спорт кешені ашылды

Тәні саудың – жаны сау! Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында су жаңа спорт кешені ашылды. Нысанның құрылысына 120 млн. теңгедей қаржы жұмсалған. Заманауи орталық күніне 100-ден астам тұрғынды қабылдауға қауқарлы. Енді мұнда Булаево қаласының кез-келген тұрғыны түрлі спорт секцияларына қатысып, салауатты өмір салтын ұстана алады.

Булаев қаласының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Аудан орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып жатыр. Су жаңа нысанға қазақтың ержүрек сарбазы Батыр Баянның есімі беріліпті. Жиылғандардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров аудандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

–  Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа жолдауында бұқаралық спортты дамытуға елеулі назар аударған болатын. Бұл ретте дене шынықтырумен шұғылдану қазақстандықтар үшін қолжетімді болуы тиіс. Осыған орай, президент үкімет пен әкімдерге кем дегенде 100 сауықтыру кешенін салу тапсырмасын жүктеді. Бүгінде тұрғындардың 30 пайызы спортпен шұғылдануда.

Қазіргі таңда өңірімізде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жетеуі бар. Соның екеуі биыл халық игілігіне берілсе, тағы соншасы келесі жылы өз есігін айқара ашпақ. Атқарылып жатқан шаруа өз нәтижесін беруде. Солтүстік Қазақстанның бетке ұстар спортшылары аз емес. Олар түрлі деңгейдегі жарыстарда ел жалауын көкке көтеріп, Қазақстанның намысын қорғауда. Араларында М.Жұмабаев ауданының тумалары да бар. Шарада бұл жандар аудан әкімінің марапатына ие болды.

Заманауи кешеннің ашылуы мықты спортшылардың қатарын арттырып, олимпиада чемпиондарын дайындауға септесетіні сөзсіз.

–  Кешеннің ашылғанына қуаныштымыз. Енді келіп тұратын боламыз.

– Менің жасым 13-те. Маған күрес ұнайды. Сондықтан, осында келіп, жаттығатын боламын.

Батыр Баян атындағы орталықтың құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталыпты. Аталған мақсатқа аудан қазынасынан 120 млн теңгедей қаражат бөлінген.

Аслан Бралин – Батыр Баян атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Кешеннің аумағы 1100 шаршы метрді құрайды. Мұнда әмбебап ойын алаңы, фитнес тренажерлар және бокс, күреске арналған залдар бар. Орталық сағат таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін ашық. Бұл, әсіресе, жұмысбасты тұрғындар үшін ыңғайлы болмақ. Ал, балалардың жаттығулары сабақтан тыс уақытта, яғни түстен кейін жүргізіледі.

Салтанатты жиыннан соң, нағыз «сен тұр, мен атайындар» бас қосқан дода бастау алды. Батыр Баян атындағы қазақ күресінің турнирі осымен 2-ші мәрте ұйымдастырылуда. Жарысқа Астана, Қарағанды, Шымкент, Петропавл қалалары мен облыс аудандарынан Балуан Шолақ пен Қажымұқанның 19 ізбасары жиылған.

Ғалым Өркешов – жарыс төрешісі:

–  Жарысқа екі бірдей халықаралық дәрежедегі палуан, Қазақстан барысы мен әлем чемпиондары қатысуда.

Қазір ортада Оңтүстік Қазақстан барысы Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ғ.Мүсірепов ауданының намысын арқалаған Ғизат Қалықов белдесіп жүр. Кездесуге берілген 5 минут уақытты қос палуан тиімді пайдалануға тырысуда. Қарсыластар бір-бірін танып, айла-тәсілін жасады. Бірақ, шапшаң қимылдаған Ерсұлтан Мұзаппаров жерлесімізден басым түсті.

Ерсұлтан Мұзаппаров – жарысқа қатысушы, Шымкент қаласы:

–  Екі кездесу өткіздім. Екеуі де теріскей тумасы. Осал қарсылас емес. Шаршаңқыратып барып, әдістерімізді қолданудамыз. Осылай жеңіске жеттім. Алда тағы кездесулерім бар.

Бас жүлде – Лада гранта көлігі. Ал, екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше тұлпар мен бұқаға қол жеткізбек. Дегенмен, палуандар үшін бұл маңызды емес. Спортшылардың мақсаты – жеңімпаз титулы мен көрермен қошеметі. Міне екі топтың үздіктері де анықталды Астаналық Айбат Сейтен және Булаев қаласының үмітін арқалаған Ақжігіт Оралов бас жүлдені сарапқа салмақ. Санаулы сәттен соң, жиналғандардың делебесін қоздырған финалдық кездесу де бастау алды. Білекті жігіттердің барлығын шаң қаптырып кеткендердің қайсысы жеңіске жетеді екен? Оны боз кілем көрсетеді. Әзірге таблодағы есеп теңбе-тең. Тек белдесу соңына 7 секунд қалғанда астаналық палуан жеңісті жұлып алды. Осылайша, екінші орын М.Жұмабаев ауданының спортшысына бұйырды. Ал, Үздіктер үштігін Петропавлдық тұйықтады.

Айбат Сейтен – жарыс жеңімпазы, Астана қаласы:

 – 4 төрт белдесу өткіздім. Барлығында жеңіске жеттім. Алғашқы темір тұлпарымды жеңіп алдым. Өте қуаныштымын.

Жалпы бүгінде 1200-дей жерлесіміз қазақ күресімен шұғылданады.

Эльмира Садвокасова