Мәдениет

Облыстық филармония 54-ші концерттік маусымын ашты

Облыстық филармония кезекті – 54-ші концертік маусымын ашты. Әуезді шарада өнер ұжымдары дүйім жұртқа күмбірлеген күй мен әуелеген әннен шашу шашты. Кеш соңында зор қошеметке бөленген әртістер өнерсүйер қауымды жыл бойына тың туындылармен қуантуға әзір екендіктерін айтты.

Сахна шымылдығын “Әлқисса” фольклорлық ансамблі ашып, “Алтын Алтай” туындысын орындады.

Ал, “Туған жер” би ұжымы болса, осы күмбірлеген күйге мың бұрыла биледі. Бұдан соң, өнер сүйер қауымның алдына “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің солисі Ғалымжан Нұрпейісов шықты. Жезтаңдай әнші Манарбек Ержановтың “Сайра бұлбұл” әнін ұлттық аспаптар ұжымының сүйемелдеуімен әуелете шырқады.

Ғалымжан Нұрпейісов – “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің солисі:

– Мен осы ансамблінің жалғыз солисімін. Біздің фольклорлық ансамбліміз 15 адамнан тұрады. Бүгінгі концерт халықтың көңілінен шығады деген ойдамын. Бүгінгі концертке бір ай көлемінде дайындалдық. Ұжымымыз 17-ші қараша күні жеке концертін өткізеді. Оған да мықты дайындық үстіндеміз.

Кешке жиылған халықтың қарасы қалың. Мұнда теріскейліктерге облыстық филармония жанындағы танымал ұжымдар да өнер көрсетіп, жалпы саны 21 концерттік нөмір ұсынды. Екі сағатқа жалғасқан шара жерлестеріміздің көңілінен шықты.

– Маған осындай концерттер қатты ұнайды. Халықтық әндерді сүйіп тыңдаймын. Мен бүгін “Әлқисса” фольклорлық ансамбілінің өнер көрсеткенін тамашалаудамын. Олардың туындылары құлаққа жағымды. Олар өз істерінің мамандары деп есептеймін.

– Бүгін өте бір керемет кештердің бірі өтіп жатыр. Өзім “Қызылжар” халықтық музыка ансамблінің өнеріне тәнті болып отырмын. Ұжымға өнер жолында табыстар тілеймін.

Тогжан Акмагамбетова