МТРА жаңалықтары

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық

Бүгіндері Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық қызған. 18 күннен кейін шаһарымыз 600-ден астам мейманды қабылдайды. Оларды тиісті деңгейде қарсы алу қажет. Жерге қарап қалмау үшін қалада қонақ үйлер мен мейрамханалар тұрғызылып, кейбірінде жаңғырту шаралары жүргізілуде.

Қаланың қақ ортасында орналасқан «Есіл» мейрамханасы 1984 жылы тұрғызылыпты. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сөйтіп, талай той-домалақтың куәсі болған нысанда биыл ауқымды жаңғырту шаралары басталған.

Сағындық Әлімбаев – «Есіл» мейрамханасы директорының орынбасары:

–  Форумның қарсаңында мейрамхананың сырт келбетін өзгертіп жатырмыз. Бұл жұмыстар толығымен аяқталды. Бұрынғы терезелердің орнына витраждысын орнаттық. Қазір ішкі әрлеу шаралары қарқынды түрде жүргізілуде. Жаңғырту шаралары мейрамхананың барлық 4 залын қамтыды. Шатырын да ауыстырдық. Нысанның алдына жаңадан кеспетас төселді.

Ал мынау – «Royal Palace» қонақ үй және мейрамхана кешені. Оның құрылысы өткен жылдың қазан айында басталыпты. 3,5 мың шаршы метрде орналасқан нысанды тұрғызуға кәсіпкер 600 млн. теңге қаражат жұмсаған. Банктен алынған несиенің бір бөлігін «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Даму» қоры кепілдендіріпті.

Бекежан Жуланов – «Жуланов» ЖК жетекшісі:

-Нысанның екінші қабатында әкімшілік кеңселер және 600 орынға шақталған тойхана болады. Оның іші техникалық құралдармен толық жабдықталып, 4 лед экран қойылады. Ал бірінші қабатында караоке бар мен қонақ үй орын теппек. Тағы мұнда 150 адамға арналған кіші мейрамхана орналасатын болады. Қазір барлық құрылғылар мен жиһаздардың келуін күтіп отырмыз. Содан соң ішкі жұмыстар толығымен аяқталады.

Кейін аббаттандыру шаралары жүргізіліп, асфальт төселмек. Кәсіпкер форумға дейін кешенді толығымен аяқтаймыз деп отыр. Журналистер қауымы аялдаған келесі нысан – «Грин парк» болды. 2 жыл бұрын ашылған демалыс орны бүгіндері солтүстікқазақстандықтардың сүйікті орталығына айналған.

Максим Калинин – «Green park» таңдаулы отбасылық парк отель директоры:

–  Біздер қонақтарды қарсы алуға дайынбыз. 9 үй бар. Олар 120-200 адамды қабылдай алады. Келушілерге 3 реттік тамақтандыру қарастырылған. Демалушылардың жайлылығы үшін барлық кешен аумағында алдағы уақытта уай-фай желісі жұмыс істейді. Биыл қосымша 2,5 мың шаршы метр жол төседік. Біздегі хайуанаттар бағына осы күндері тағы екі марал мен 2 қабан келіп қосылады. Форумға дейін 3 монша әкеліп орнатамыз. Олар жылытылатын бассейіннің маңында орын тебеді.

Тағы бүгіндері нысанның аумағында мейрамхана тұрғызылып жатыр. Оның бірінші қабаты – 150, ал екіншісінде 300 адам тыныға алады.

Мағжан Ахмадина