Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданында 1943 кіші және орта кәсіпкерлік жұмыс істеуде

Бүгінде Ғ.Мүсірепов ауданында 2 мыңға тарта кіші және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Іскер азаматтардың біразы “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында көрсетілетін қолдауды пайдаланған. Мәселен, соңғы 8 жылдың ішінде аудандық бизнесмендерге 5,6 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие беріліпті.

Бауыржан Жақсыбаевтың әр күні өзінің кішігірім цехына бет алып, сүйікті ісіне асыға кірісуден басталады. Оның бүгінгі қызметі де әдеттегідей жетіп-артылады. Қазір азамат түрлі материалдардан түйістірген қазандығының қажетті жерлерін дәнекерлеп жатыр. Бұл жылу қондырғысын ол 20 күннің ішінде дайындаған екен. Цехта дайындалатын қазандықтардың құны күрделілігіне қарай шамамен 45-тен 350 мыңға дейін жетеді екен.

Бауыржан Жақсыбаев – “Жақсыбаев Б.К.” ЖК жетекшісі, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан:

– Дәнекерлеуші беделді мамандық болып саналады. Металды дәнекерлеу жұмысы суретшінің шығармашылығы секілді асқан қажырлықты талап етеді. Сол себепті, осы іс жаныма жақын. Мен білетін дәнекерлеуші әріптестерімнің көпшілігі тұрақты негізде 150-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Ай сайын мұндай көлемде табыс табу – өзге қызмет иелерінің қолынан келе бермейді.

Бауыржан Жақсыбаев дәнекерлеу ісіне бала кезінен қызыққан екен. 23 жылы бойы осы шаруамен айналысып жүрген ол 9 жыл бұрын өз цехын ашуға бел буған. Содан бері кәсіпкер тұрғындардың тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Ісін жандандырып отырған азамат осы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласына барып келген екен. Онда 5 жылға 6 млн.теңге көлемінде несие алып, кәсібіне қажет құрылғылар мен материалдарды тасымалдау үшін жүк көлігін сатып алыпты.

Бауыржан Жақсыбаев – “Жақсыбаев Б.К.” ЖК жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл мен үшін өте тиімді. Несиені “Кәсіпкер” бағдарламасы бойынша 6 пайыздық ставкамен алдым. Барлық қондырғыларды пайдаланып жүрмін. Жұмысым екі есе жеңілдене түседі. Енді бұрынғыдай материалды әкелу үшін көлік жалдамаймын. Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, қосымша жұмысшыларды жалдамақ ойдамын.

Жалпы, Ғ.Мүсірепов ауданында Бауыржан Жақсыбаев сияқты өз ісін дөңгелетіп отырған 1943 кіші және орта кәсіпкерлік нысаны бар.

Мұрат Әбілмәжінов – Ғ.Мүсірепов ауданы кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

–  Олардың 266 -ы – заңды тұлғалар, 1361-і – жеке кәсіпкерлер және 316-ы – ауыл шаруашылығында еңбектенетін фермерлер. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бастау алған 2010 жылдан осы уақытқа дейін кәсіпкерлер ұсынған 87 жоба мақұлданды. Бұл мақсатта оларға 5,6 млрд теңге көлеміндегі несие берілді.

Кәсіпкерлер көбіне несиені мал шаруашылығын дамытып, наубайхана, сауда орындары мен техникалық қызмет көрсету станцияларын ашуға бағыттапты.

Молдир Макишева