Білім

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР БҒМ кеңесшісі Майраш Тәйкенова келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тәйкенова келді. Бүгін құрметті қонақ теріскейлік педагогтармен кездесті.

Жиында мейман алдымен ұстаздар қауымының назарына бейнеролик ұсынды. Онда білім саласында жеткен жетістіктеріміз көрсетілген. Мәселен, отандық мектеп оқушылары соңғы жылдары жаратылыстану-математика бағыты бойынша ұйымдастырылған халықарылық олимпиадаларда түрлі санаттағы жүлделерді молынан жиыпты. Соның нәтижесінде жастар әлемдегі үздік оқушылардың қатарына кіріпті. Бұдан соң, әңгіме ауаны мұғалімдерге ауысты. Өз сөзінде Майраш Тәйкенова артта қалған 14 жыл ішінде педагогтардың жалақысы 5 рет өскендігін жеткізді. Мұндай өзгеріс Елбасының 5-ші қазанда жариялаған Жолдауынан соң да орын алады. Тағы, кездесуде Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жайы да сөз болды.

Майраш Тәйкенова – ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі:

– Біз осыдан бірнеше жыл бұрын 3-пен 6 жас аралығындағы ұл-қыздарды балабақшамен қамту бойынша 144-сатыда тұрғанбыз. Қазіргі таңда 4-ші орынға көтерілдік. Бұл біздің еліміз үшін өте жақсы нәтиже болып табылады. Мұндай жетістікке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жетіп отырмыз. Тағы, “Балапан” бағдарламасының да қосқан үлесі зор.

Байболат Култанов