«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы Есіл ауданында қарқынды жүзеге асырылуда. Жыл басталғалы 24 адам жобаға қатысып, өз ісін ашыпты. Негізінен ауылдағы ағайын мал және құс шаруашылығымен айналысуға несие рәсімдепті.
3-4 жылдан бері құс өсірумен айналысып жүрген Саян Искужанов биыл да ісін тоқтатпай, жаз басталысымен қаздың балапандарын сатып алған. Тек бұрынғыдай 50-60 бас емес, бірден 300-ін алыпты.
Саян Искужанов – «Искужанов» ЖК жетекшісі, Есіл ауданы:
Ауылда өскендіктен ылғи құс ұстайтынбыз. Сондықтан қаз бағу қолдан келеді. Әрі тез жетіліп, жылдам салмақ жинайды. Оларды көп ұстаудың қажеті жоқ. Тамақты да талғамайды. Сол себепті биыл 300 бас «Линда» тұқымды қаздың балапандарын алдық. Олар ең ірі болып келеді. Өскенде салмақтары 7 келіге дейін жетеді. Біз алғанда 2 апталық болған балапандар қазір әжептеуір өсіп қалды. Оларға екпе жасап, күтіп баптауға ата-анам бауырларым, көмектеседі. Тағы бір жұмысшы алдық.
Қаз балапандарына негізгі күтім алғашқы бір айда қажет дейді Саян. Кейін азығын уақытылы беріп тұрсаң жеткілікті. Ал тіршілік көзі дәл үйдің қасында екен. Көктемде еріген қар суы әлі кеппегендіктен құстар үнемі сонда жүзіп жүретін көрінеді. Жас кәсіпкер қаз шаруашылығын дамыту үшін мемлекет қолдауына жүгінген. Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша арнайы оқудан өтіп, несиенге қол жеткізген.
Саян Искужанов – «Искужанов» ЖК жетекшісі, Есіл ауданы:
– 3 млн теңге сомасында жеңілдетілген несие алдым. Қарыздың жылдық үстемеақысы – 6 пайызды құрайды. Меніңше бұл соншалықты көп сома емес. Жалпы мен бағдарлама шарты бойынша құс санын 1400 басқа жеткізуім керек. Сондықтан жуырда тағы қаз алатын боламын. Ал өсіп жетілген балапандарды желтоқсан айында сатамын. Қазірдің өзінде Астана, Петропавл қалаларында тапсырыс бергендер бар.
Саян сынды өз ісін ашамын деген тағы 24 есілдік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысқан.
Бауыржан Қайрула – Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 24 өтініш мақұлданып, 69 млн 750 мың теңгеге несие берілді. Олардың ішінде 15 жоба – мал, 5-уі егін, тағы 2-уі құс шаруашылығын дамытуға қастысты болды. Бір аудан тұрғыны жүк тасымалдауға, екіншісі пеноблок шығаруға қаржы алды. Бүгіндері 8 млн теңге болатын тағы 3 жоба рәсімделіп жатыр. Олардан бөлек, қосымша 8 жоба әзірленуде.
Ал «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша Есіл ауданында 76 адам оқытылса, қазір тағы 30-ға жуығы курстардан өтіп жатыр.
Мағжан Ахмадина