Балалар

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар шығармашылығына арналған фестиваль өтті

“Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық”. Петропавлда осындай атаумен мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығына арналған фестиваль өтті. Шараға өңіріміздің 11 ауданы мен Петропавл қаласының әлеуметтік мекеме өкілдері қатысты. Олар үш номинация бойынша өнер көрсетті.

Ең алдымен, ортаға Әсемгүл Айсина шығып, көрермендерге өз өнерін паш етті. Нәзік жанды бүгінгі фестивальге “Ана” туралы жүрек тебірентер туындыны таңдаған.

Әсемгүл Айсина – фестивальге қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Бүгінгі фестиваль мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мүмкіндік. Мен Тимирязев ауданынан келдім.

Ал, Дияр Беккожин болса, Жамбыл ауданынан келіп отыр. Бүгінгі шарада ол патриоттық әнді орындауда. Себебі осы жанрдағы туындылар жасөспірімнің жанына жақын екен. Оған қоса, Дияр Майкл Джексонның әндерін ұнатады. Сол себепті ата-анасы оны 5 жасынан вокал үйірмесіне апарған. Содан бері жасөспірім көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

Дияр Беккожин – фестивальге қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Бүгінгі шараға біраз уақыт дайындалдым. Бала кезімнен ән тыңдауды жасы көретінмін. Енді міне өзімде үлкен сахналарда өнерімді паш етудемін. Менің арманым болашақта жақсы әнші атану.

Шығармашылық фестивальде қала мен аудандардан келген қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменнің қошеметіне бөленуде. Ең бастысы, өнерпаздардың жасына шектеу қойылмаған. Сол себепті, бүгінгі шараға кішентай жеткіншектермен бірге 60-ты алқымдаған жерлестеріміз де өнер көрсетті.

Таңат Бейсенбаев – облыстық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығы бөлімінің басшысы:

– Бұл жандарда басқа адам секілді, ән айтып, би билей алады. Осындай іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен бір сүйеу болады деген ойдамыз.

Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестиваль 17 жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Шара соңында қатысушылардың барлығына диплом және бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Дана  Ешкенова