Қоғам

Петропавл 2-ЖЭО қысқы маусымға қажетті көмір қорымен толық қамданды

Петропавл 2-ші жылу электр орталығы қыс мезгіліне толығымен дайын. Бүгін
қоғам белсенділеріне кәсіпорында атқарылған жұмыстың нәтижесі көрсетілді.

Орталықта 2009 жылдан бері жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұнда биыл бірнеше қазандық күрделі жөндеуден өткізіліп, тозығы жеткен турбоагрегаттар жаңартылған. Ең алдымен, шақырылған қоғам өкілдеріне жылу өндіретін нысанның аумағында орнатылған электрмен жабдықтаушы қондырғылар көрсетілді. Бұдан соң, олар серіктестік қызметін бастан-аяқ бақылайтын басқару қалқанының жұмысымен танысты. Жалпы, үстіміздегі жылы 2-ші жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Кәсіпорын қысқа жеткілікті көмір қорымен де қамданыпты. Ал орталықта өндірілген жылуды “Петропавл жылу желілері” серіктестігі барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерге жеткізеді.

Виталий Холоша – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженерінің міндетін атқарушы:

– Бүгінгі күні облыс орталығындағы Маяковский көшесінде орналасқан жатаханадан өзге 1171 тұрғын үйдің барлығына жылу берілді. Жалғыз қалып қойған үйде құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілмеген. Салдарынан қысқы маусымға дайындығы жөнінде төлқұжаты жоқ. Бүгін-ертең ол баспанаға жылу беріледі.

Бахыт Садвокасов