ТЖ

Мамлют ауданының тұрғыны балық аулап жүріп суға батып кеткен

Қармақ саламын деп ажал құшты. Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының тұрғыны балық аулап жүріп суға батып кетті. Қайғылы оқиға Белое селосының жанындағы Жагрино көлінде қазанның 16-сы күні орын алған.

Белгілі болғандай 2 әуесқой балықшы темірден жасалған қайыққа отырып, қармақ салуға шыққан. Алайда, белгісіз себептермен жүзу құралы аударылып кеткен. Балық аулаушылардың бірі үстіне құтқару жилетін кигендіктен, жағаға аман есен жетіп үлгерсе керек. Ал жанындағы серігі судан шыға алмай, тұншығып өлген. Облыстық жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгенімен, балықшылар бұл істе немқұрайлық танытып отыр.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің жетекші:

– Біз суға шомылу маусымы мен өзге де уақыттарда тұрғындарға сақтық шараларын ұстанып тұру керектігін ескертіп отырамыз. Суда қармақ құратындарды ерекше назарда ұстаймыз. Мұны бірі түсінсе, енді бірі ескертулерге құлақ аспай жатады. Барлығы жыл басынан облыс аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындарында 16 солтүстікқазақстандық суға кетті. Олардың 3-уі балықшылар.

Бахыт Садвокасов