Өткен жылдың күзінде “Казкад” серіктестігінде еңбек еткен экспедитор маман кәсіпорынның 500 мың теңгеден астам қаржысын жымқырыпты. Бұл фактіден соң өндіріс ошағының басшылығы баукеспе қызметкердің үстінен арыз жазған. Дегенмен, әлі күнге дейін заңбұзушыға қарсы шара қолданылмапты.
Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері 8 мәрте бас қосыпты. Жиындарда мамандар 24 сұрақты қарапты. Айта кетейік, талқыланған сауалдардың барлығы бизнесмендердің базыналары болып табылады.
Инесса Қуанова – СҚО КП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы:
– Кәсіпкерлер бізге көбінесе өздерінің құқықтарын мемлекеттік органдардан және әкімшілік кедергілерден қорғауға қатысты сұрақтарын жолдайды. Әсіресе, бизнесмендердің мәселелері жер, сәулет ісімен айналысатын мекемелермен байланысты болып жатады. Бұл сауалдардың барлығын біз жіті қараймыз. Құрамымызда 7 білікті маман бар. Солармен бірігіп проблемаларды шешуге тырысамыз.
Міне, бүгін кеңес мүшелерінің 9-отырысы өтіп жатыр. Мамандардың қарауына 2 мәселе шығарылды. Оның біріншісі – “Казкад” серіктестігі басшылығынан түскен. Аталған кәсіпорын өкілдері полицейлердің жұмысына шағымданыпты.
Александр Перепадя – “Казкад” ЖШС қызметкері:
– Шамамен бір жыл бұрын біздің серіктестікте ұрлық фактісі орын алды. Нақтырақ айтар болсам, өндіріс ошағында еңбек еткен экспедитор маман 500 мың теңгеден астам қаржыны жымқырды. Яғни, ол тауарларды сауда орындарына апарып, ақшаны өзі алып отырған. Бұл заңбұзушылықты ұрлық жасаған жан толығымен мойындады. Кейін, біз баукеспені қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін полицейлерге арыз жаздық. Дегенмен, әлі күнге нақты жауап жоқ.
Бұл мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін жиынға Петропавл қалалық ІІБ тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов келіп отыр. Маман ұрлық фактісіне қатысты іс 2 ай қаралғандығын айтады. Кейін, тергеу амалдары тоқтатылыпты. Өйткені, айғақтар жеткіліксіз болған.
Марат Жанғожинов – Петропавл қалалық ІІБ тергеу бөлімінің бастығы:
– Біз қазір күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз. Себебі, дәлелдер жеткізілсіз. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, біз толыққанды сотқа дейінгі тергеу амалдарын қайта жүргізіп, айғақтар іздестіріп жатырмыз. Іс прокуратураның қарауында. Жақын арада шешім шығарылатын болады.
Осы жерде қалалық және облыстық прокуратура қызметкерлері де отыр. Олар да іс қадағалау органы өкілдерінің назарында екендігін жеткізді. Бірақ, шешім қашан шығатыны белгісіз. Бұны прокурорлар істің құпиялығымен түсіндірді. Тағы, жиында “Агротрак” жеке кәсіпкерлінің де өтініші қаралды. Аталған кәсіпорын белгілі бір коды бар ауыл шаруашылығы техникасына арналған дөңгелектерді тасымалдайды. Бұл таңба бойынша сауда жасау үшін “РОП” серіктестігі соңғыларынан төлем жасауды талап етіпті. Дегенмен, ондай таңба түрі арнайы реестрде көрсетілмеген екен. Сондықтан, кеңес мүшелері РОП серіктестігінің бұл әрекетін заңсыз деп тапты.
Байболат Култанов