Аптадағы маңызды жаңалықтар

Болашағы бар елді мекендерде таза ауыз сумен қамту көрсеткіші жақсарады

Болашағы бар елді мекендерді таза ауыз сумен қамту шаралары одан әрі жалғасады. Тіпті, мемлекет басшысы аталған мақсатқа бөлінетін қаражатты ұлғайтуды тапсырды. Бұл орайда, өңірімізге 12 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен алдағы уақытта 23 елді-мекен Преснов топтық су құбырына қосылып, сонша ауылда таза ауыз сумен қамту көрсеткіші жақсарады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, алдағы уақытта халық саны 2000-нан асатын болашағы бар ауылдарға ерекше назар аударылмақ. Онда жол да төселеді, электр бағаналары орнатылып, көшелері де жарықтандырылады. Бір сөзбен айтқанда, ел қазынасынан бөлінетін қаражаттың басым бөлігі жергілікті инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бесперспективные селы не надо развивать. В то же время необходимо постепенно переходить от модели «инфраструктура к людям» к модели «люди к инфраструктуре». Это будет стимулировать укрупнение населенных пунктов, повышать эффективность выделяемых средств.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды. Тиісінше, ауылды жерлерде тұратындарды таза ауыз сумен қамту шаралары одан әрі жалғасын табады. Қазіргі таңда облысымызда барлығы 656 елді мекен бар болса, соның 3/1-і магистарлдық топтық су құбырларына қосылған. Басқаша айтқанда, 200 мың солтүстікқазақстандық тіршілік көзінен тарығып отырған жоқ.

Никита Забавин – “Қазсушар” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының бас инженері:

– Алдағы уақытта “Өңірлерді дамыту” бағдарламалары аясында Преснов топтық су құбырына 19 елді мекен қосылады. Таза ауыз сумен қамту көрсеткіші Есіл, Жамбыл, Мамлют аудандарына қарасты ауылдарда жақсарады. Екінші кезекте, 23 ауыл топтық су құбырына қосылады. Аталған мақсаттарға, яғни Преснов топтық су құбырын жаңғырту жұмыстарына ел қазынасынан 12,2 млрд теңге бөлінді. Қаражатты 2020 жылға дейін толығымен игермекшіміз.

Бұндай болашағы бар елді мекендерді таза ауыз сумен қамту шараларына жыл сайын кемінде 100 млрд теңгеден бөлініп тұрады. Мұны өңірімізге келген су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәрсекеев айтты.

Серік Сәрсекеев – ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

– Жыл сайын СҚО-ның елдімекендерін таза ауыз сумен қамту шараларына төрт, бес млрд теңгеден кем бөлінбейді. Алдағы уақытта осы бағытқа қарастырылатын қаражат сомасы азаймайды, керісінше, арта бермек. Демек, бұл жыл сайын орталықтандырылған су құбырына қосылатын елді мекендердің қатары көбейе береді дегенді білдіреді.

Кәсіпорын еңбеккерлерінің жалақысы жаман емес. Мұнда соңғы екі жылда жұмысшылардың айлық табысы 1,5 есеге көтерілген. Жиын барысында “Есіл су” филиалының мамандары мейманға өздерін алаңдатқан сауалдарды жолдады. Мәселен, еңбеккерлердің көпшілігінің бала-шағасы бар. Сондықтан оларды білім және тұрғын үй салаларында болып жатқан соңғы өзгерістер қызықтырды.

Берік Қасен