Әр түрлі

“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде діндер көшбасшылары бас қосты

Қазанның 18-і – рухани келісім күні. Осыған орай өңіріміздегі дін көшбасшылары “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде бас қосты. Музей қызметкерлері оларға экскурсия ұйымдастырып, тарихи мекендегі құнды мұрағаттармен таныстырды.

Жыл сайын қазанның 18-інде – елімізде Рухани келісім күні аталып өтіледі. Бұл дата осыдан 26 жыл бұрын Елбасымыздың төрағалығымен өткен Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен соң белгіленген болатын.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенiнiң бөлiм меңгерушiсi:

– Бүгін мұражайда діни орталықпен бірлесіп үлкен ауқымды шара өткізіліп жатыр. Оған 15 адам қатысуда. Олар діни орталықтардан келіп отыр. Негізінен осындай ауқымды шара бірінші рет өһткізілді. Алайда, діни орталықтармен тығыз байланыстамыз.

Жиынға арнайы келген меймандарға мұражай қызметкерлері алдымен экскурсия ұйымдастырып, ерекше мағлұматтар мен тарихи жәдігерлер жайлы мол мағлұмат берді. Жалпы, қазіргі таңда елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім орнаған. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз дейді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – СҚО “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Рухани келісім күні мұнда біз ғана емес, басқа да дін өкілдерімен қосылып отырмыз. Әрдайым өзге дін өкілдерімен тығыз байланыстамыз.

Кейін, дін өкілдері дастархан басына жайғасып, тәтті шай мен ыстық бауырсақтан дәм татты. Кенжетай қажы жиналғандарға қазанның 10-ы мен 11-і аралығында Елордада өткен дін көшбасшыларының 6-шы съезі жайлы айтып, онда сөз болған тақырыптарды қозғады. Аталмыш съезге әлемнің 42 мемлекетінен 82 делегация өкілдері қатысқан болатын. Ал облысымызда бүгінде 130-ға жуық діни бірлестік жұмыс істейді. Олардың 63-і – мұсылмандық, 31-і – православтық және 11-і – католиктік бағытты ұстанады.

Молдир Макишева