Құқық қорғау органдары

Қаңғыбастар қабылдап-тарату орнына жеткізіле бастады

Қазан айы келіп, күн суытты. Бұл мезгілде өңірдің тәртіп сақшылары тұрғылықты мекен жайлары жоқ тұлғалар үсіп қалмауы үшін рейд өткізіп жатыр. Олар шара барысында қаңғыбастарды анықтайды. Кейін, оларды Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына қарасты қабылдап-тарату орнына жеткізеді.

Рейд барысында полицейлер құдықтарды, жылу құбырлары мен қараусыз қалған ғимараттарды тексереді. Өйткені, күн суытқан кезде үйсіздер осындай жерлерді мекен етеді. Шара барысында анықталған қаңғыбастар анықталған жағдайда, олар қабылдап-тарату бөліміне жеткізеді. Мұнда тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың түнеп шығу мүмкіндігі бар.

Руслан Әлібаев – Петропавл қалалық ІІБ қабылдап тарату орнының бастығы:

– Аталмыш бөлімшеге тұрғылықты мекенжайлары жоқ тұлғалар, өмірде қиын жағдайға душар болған адамдар жеткізілетін болады. Бұл жерде оларға медициналық көмек көрсетіліп, бір мезгілдік ыстық ас беріледі.

Бұл ретте қабылдап-тарату бөліміне үй маңындағы қаңғыбастардан шаршаған қалалықтар да хабарласа алады.

Руслан Әлібаев – Петропавл қалалық ІІБ қабылдап тарату орнының бастығы:

– Егер де тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар сіздің подъезге, жертөлеге кіріп немесе басқа бір себептермен мазаңызды алатын болса, 52-92-99 нөміріне хабарласуға болады.

Айта кетейік, бүгінде Петропавл аумағында 196 қаңғыбас тіркелген. Олардың 71 нәзік жандылар.

Байболат  Култанов