Білім

“СҚО Smart мектептері үшін – ақылды технологиялар” конкурсының жеңімпаздары анықталды

“СҚО Smart мектептері үшін – ақылды технологиялар”. Өңір педагогтарының арасында мамыр айында осындай облыстық конкурс басталған болатын. Аталған шараға 53 ұстаз бен пен оқушы қатысып, мобильдік қосымша, электронды кітап, презентация сияқты өз жұмыстарын ұсынды.

Ағыбай Темірғалиев М.Жұмабаев ауданының тұрғыны. Ол Булаев қаласындағы мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Азамат өткен жылы ҰБТ-ға арналған қосымшаны жасап шығарған. Мамыр айында конкурс туралы естіген ол ойланбайстан байқауға өзінің жұмысын ұсыныпты. Қосымшада тестілеуге қатысты барлық ақпарат бар екен. 2 тілден тұратын бұл қосымшаны қазіргі таңда аудандық оқушылар өз қажетіне қолданып жүр. Байқау нәтижесі бойынша бүгін ол 2-ші дәрежелі диплом мен “Үздік мобильдік қосымша” аталымы бойынша марапатталды.

Ағыбай Темірғалиев – байқауға қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– 1 айдай дайындалдық. “Java” деген бағдарламаны қолданып, андроид арқылы телефонға орнаттық. Көп ақпарат жинадық.

“СҚО Смарт мектептері үшін – ақылды технологиялар” облыстық байқауына Петропавл қаласы мен өңіріміздің барлық аудандарынан 50-ден астам ұстаз бен оқушы қатысқан. Солардың арасынан 3 педагог төл мерекелері қарсаңында өңір жетекшісінің сыйақысын алып, оларға дипломдар табысталды. Ал бүгін өзге де қатысушылар тиісінше марапатқа ие болды.

Алмаз Тұрсынбеков – “Өрлеу” БАҰО АҚ СҚОФ ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

– Бұл байқауға мектепке дейінгі білім беру, орта, кәсіптік және техникалық, жоғары оқу орындарының педагогтары мен мектеп оқушылары қатысқан болатын. Байқауда сандық ресурстарын жасаған педагогтар оларды өздерінің сабақтарында қолданып, басқа мұғалімдермен бөлісетін болады.

Айту керек, конкурс жеңімпаздары 3 кезеңнің қорытындысы бойынша анықталған.

Молдир Макишева