МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары партиялық актив отырысын өткізді

Биылғы жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға басымдық беріліп отыр. Өңір активімен кездескен “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияластарын Елбасы жүктеген бұл тапсырмалардың орындалуын бірігіп қадағалауға шақырды. Сондай-ақ, мәртебелі мейман өңірде атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, шешімін таппаған мәселелерді жолдау аясында бір жақты етуді тапсырды.

Жиын барысында ең алдымен облыс әкімі Елбасының жолдауы аясында өңірде атқарылатын жұмыстарды жіпке тізді. Сөйтіп, жаңа жылдан бастап минималды жалақы алатын 43 мың солтүстікқазақстандықтың еңбекақысы 42 мың теңгеге дейін жетпек. Тағы алдағы уақытта 300 учаскелік дәрігер мен 750 медбикенің де табысы өсетін болады. Сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20 пайызға ұлғаймақ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетіндердің де құлағына алтын сырға, енді жобаға қатысатындарға тұрғын үй алу бұрынғыдан да жеңіл бола түспек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Алғашқы жарна төмендетіліп, 10 пайызды құрайтын болады. Қалған соманы біздер субсидиялаймыз. Сөйтіп, 300-ге жуық бюджеттік сала қызметкері, олар – дәрігерлер, ұстаздар мен полицейлер жобаға қатысуға мүмкіндік алмақ. Бүгіндері теріскейде 2011 пәтерлі 16 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін солардың 10-ы қолданысқа беріліп, 1500 солтүстікқазақстандық отбасы қоныс тойын тойламақ.

Дегенмен, Құмар Ақсақалов өңірде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жөнді жүзеге асырылмай келетінін тілге тиек етті. Сондықтан Елбасының тапсырмасы бойынша теріскейде жаңа заманауи аурухана салынбақ. Тағы салаға бөлінетін қаржы көлемі алдағы жылы 3 есеге артатын болады. Ол жаңа құрылғылар алып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірде әлі де 3 аусымдық мектептер бар. Олардан арылу үшін облыс орталығында 2 оқу ордасы тұрғызылып жатса, ендігі жылы тағы 1-уінің құрылысы басталмақ. Өңірдің 2 ауданында да білім ошақтары бой көтеретін болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Соңғы жылдары қаржы тапшылығынан мектептерді жөндеуге орташа есеппен 300 млн теңгеден ғана бөлініп отырды. Әрине бұл жеткіліксіз. Сондықтан Презитенттің тапсырмасы бойынша алдағы жылы қаржы көлемі ондаған есе артып, 5 млрд теңгеге жетпек. Тағы мектептерге жылдағыдай 300-400 компьютер емес, ендігі жылы 4 мың құрылғы алынатын болады. Білім ошақтарын бейнебақылаумен қамтуды да 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Мектеп асханаларында да жаңғырту жұмыстары басталады. Жуық арада облыс орталығында Оқушылар сарайы ашылып, ол балғындардың айти технологиялар тілін еркін меңгеруіне жол ашпақ. Бүгіндері мектептерде де арнайы сыныптар ашылуда.

Өңірде соңғы кездері жолдарды жөндеу де қарқын алған. Бүгіндері әсіресе, Ресейге апаратындары қалыпқа келтірілуде. Тағы туризм саласын дамыту үшін Айыртау ауданының жолдарын жөнге келтіруге биыл 3,2 млрд теңге бөлініпті. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын таппақ. Өңірде іске асып жатқан бұл шаруаға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев оң бағасын берді.

Мәулен Әшімбаев – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Соңғы жылдары СҚО барлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Әсіресе, мемлекетттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыруда, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгендеріңізді айтып өтуге болады. Құмар Іргебайұлының басшылығымен өңірде тың бастамалар қолға алынып, нақты жұмыс жүргізілуде. Біраз нысандар салынып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Ауыз толтырып айтырлық жетістіктер де бар екен. Сондықтан Елбасының тапсырмалары облыста табысты жүзеге асып келеді деуге толық негіз бар.

Биыл Елбасы өз жолдауында барша қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға басымдық бергендігі баршаға аян. Осыны тілге тиек еткен Мәулен Әшімбаев, актив барысында мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуын партиялықтардың ерекше бақылауға алу керектігін қадап айтты. Егер шаруа тындырылмай жатса, ондай фактілерді ашық айту қажет деді, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Нұротандықтар жолдауды халыққа насихаттап қана қоймай, оның орындалуын жіті қадағалауға алу керек. Әсіресе, тұрғындарды толғандыратын жол, баспана және сумен қамтамасыз ету жұмыстарын бақылауда ұстаған жөн. Елбасы жолдарды жөндеуге баса назар аудару қажет деді. Бұл теріскей үшін өте маңызды. Өйткені, өңірдегі жолдардың 45 пайызы нашар күйде. Мұндай жағдай өзге өңірлерде де байқалады. Десе де, жағдайды реттеу керек. Магистральді жолдар әрине жөнделіп тұрады. Бірақ алдағы уақытта облыс орталығы мен ауылдарды байланыстыратындарына назар аударған жөн.

Сөйтіп, алдағы жылы елімізде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 150 млрд теңге қаржы бөлінбек. Келешекте бұл сома артып отыратын болады. Мәулен Әшімбаев теріскейліктерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуде де проблеманың бар екендігін ашып айтты. Бүгіндері өңірдегі желілердің 67 пайызының тозығы жеткен. Яғни, 2 мың шақырым болатын құбырлар кез келген уақытта шыдас бермеуі мүмкін. Сондықтан күллі республикадағы жағдайды түзету үшін 100 млрд теңге бөлінбек. Кейін жиында сөз алған қазақ мектеп гимназиясы директорының ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгүл Есенғалиева оқу орнында балаларды айти технологиялар тілін үйрету бағытында ауқымды жұмыс жүргізілгендігін айтты. Бүгіндері мұндағы робототехника үйірмесі мен айти сыныпқа 60-қа жуық оқушы келеді екен.

Айгүл Есенғалиева – қазақ мектеп гимназиясы директорының ғылыми әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:

–  Робототехника үйірмесі бізде 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Оқушыларымыз қызығушылықпен қарайды. Жетістіктеріміз көп.

Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сондықтан оларға артылған жүктің салмағы ауыр. Мұны өскелең ұрпақ та жақсы түсінеді. Оны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарымен кездесу барысында айтты. Осы ретте Мәулен Әшімбаев «Жастар жылы» жай ғана қағаз жүзінде қалмауы тиіс деді. Нақты істер атқарылып, өскелең ұрпақтың қордаланған проблемаларын шешуге көңіл бөлінеді деді.

Мәулен Әшімбаев – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Әрине атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бірақ проблема жоқ емес бар. Әсіресе, жастарды оқумен, баспанамен және жұмыспен қамтамасыз етуде мәселелер туындайды. Елбасы биылғы жолдауында осыларды шешу жолын көрсетті. Десе де, жақсы оқып, маман болып шығуға ең алдымен сіздер өздеріңіз ұмтылу керексіздер. Заман талабына сай технологиялар тілін меңгеріп, тілдерді үйрену қажет. Ауыл жастары да осынау талаптарға сай бола білуі тиіс. Сонда ғана еліміз білікті кадрлармен толығады.

Бүгіндері жастар сапалы білім алуы үшін өңірде бар жағдайлар жасалуда. Оны жиынға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтып өтті. Бірақ, қазіргі таңда өңірдегі жалғыз жоғарғы оқу орнының 1 мыңнан астам студентіне жатақханада орын жоқ. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Біздің университетте 2 жатақханананың құрылысы басталмақ. Тағы 3 колледжге 3 жатақхана тұрғызатын боламыз.

Осыған дейін өңір мектептерін бітірген түлектердің 21 пайызы көршілес елдердің жоғарғы оқу орындарына түсетін. Биыл ондайлардың саны 13 пайызға қысқарыпты. Өйткені, кезекті оқу жылында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ бөлінген гранттар 3 есеге көбейген.

Мағжан Ахмадина