Қоғам

Теріскейдегі коммуналдық мекемелер қысқы маусымға дайындалуда

“Қыс арбаңды жаз шанаңды сайла”! Осы күндері облыстағы коммуналдық кәсіпорындар қауырт маусымға соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Жергілікті компаниялар қолда бар арнайы техникаларын жөндеп, қажетті инертті материалдармен қамдануда. Сондай серіктестіктердің бірі – “Қазақавтожол” компаниясы.

“Қазақавтожол” серіктестігі қысқы мезгілде облысымызды басып өтетін республикалық маңыздағы 1468 шақырым жолдың тазалығына жауапты. Теріскейдің боранды күндерінде дәл осы кәсіпорынның техникасы қажетті жерден табылып, күре жолдарды қалың қардан аршиды. Бүгінде серіктестіктің иелігінде жолдарды тазалауға арналған техниканың 82 бірлігі бар. Сондай арнайы көліктердің бірі – автогрейдерді Александр Станкевичюс 2 жыл тізгіндеп келеді.

Александр Станкевичюс- “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ автогрейдер жүргізушісі:

– Автогрейдер әмбебап көпсалалы техниканың санатына жатады. Жол жөндеу кезінде бұнымен қиыршық тасты төсеуге, ал қыста МТЗ тракторларының қар тазартқышы жетпейтін аумақтарды аршуда таптырмас көлік. 2 жыл ішінде бір рет те сыр берген емес. Бұл сенімді әрі қуатты техника.

Тас жолдарды алып қалған ақ ұлпаны жол шетіне ығыстыра алмаған жағдайда, көмекке мына шнекоротор келеді. “Урал” жүк көлігінің базасында жарақталған қондырғының өзге жол тазарту көліктерінен артықшылығы мол. Өйткені ол жол жиегіндегі омбы ақ ұлпаны 30 метрге дейін ұшыруға мүмкіндік береді.

Павел Станкевичюс – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ жол шебері:

– “Урал” көлігін сатып алғанымызға 7 жыл болды. Роторлы техника жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсетті. Бірінші кезекте жолда бірінен соң бірі автогрейдерлер қарды аршып өтеді. Кейін барып осы техника жиектегі алынбаған қарды тазалап отырады.

Республикалық маңыздағы тас жолдардың тап-тұйнақтай болуына жауапты компания, сондай-ақ инертті материалмен де қамдануда. Мәселен, осы маусымға деп мұндағылар 240 тонна тұз бен құм дайындап жатыр.

Жолдыбай Тентеков – “Қазақавтожол” ЖШС СҚОФ директоры:

– Компаниямыз қысқы уақытта қолданылатын жол тазалау техникасының дайындығына ерекше мән береді. Оның үстіне қолда бар қондырғыларды ұқсатып, реті келгенде жаңартып отырамыз. Соңғы 2 жылда автопарк бірнеше көлікпен толықты. Олар қытайлық жүк көлігі, автогрейдер және МТЗ тракторлары.

Бүгінде кәсіпорында 215 петропавлдық еңбектеніп жүр. Жауапты науқанда жұмыс күші жетіспеген жағдайда мамандардың саны артуы мүмкін.

 

 

Бахыт Садвокасов