МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында Қожаберген жыраудың монументі ашылды

Көптен күткен қуаныш. Облыс орталығында дауылпаз баба, жерлесіміз Қожаберген жыраудың құрметіне монумент тұрғызылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар қатысты. Араларында депутаттар, зиялы қауым өкілдері және жастар бар.

Бұдан былай Петропавл тұрғындары мен қонақтарын қалаға кіре берісте Дауылпаз баба – Қожаберген жыраудың мынадай алып ескерткіші қарсы алатын болады. Нысанның жалпы биіктігі 12 метрден асып жығылады. Мүсіншілердің сөзінше, мұндай монументтер елімізде көп емес. Ескерткіштің өзі таза қоладан құйылған. Ал оның негізі Қордайдан келген отандық сапалы гранитпен қапталыпты. Аталмыш нысан “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында Қожаберген жыраудың 355 жылдық мерейтойына орай орнатылды. Оның авторы белгілі мүсінші, жерлесіміз – Қазыбек Сатыбалдин. Ескерткішті алматылық “КАСТАКС” серіктестігінің мамандары орнатты.

Қазыбек Сатыбалдин – мүсінші:

– Образдары көп болды. Монументті жасау оңайға соқпады. Мен осындай маңызды жобаға атсалысқаныма қуаныштымын. Негізі СҚО батырлар мен ақындарға ескерткіштерді көптеп орнату керек деген ойдамын.

Монумент маңына жиналған халықтың қарасы қалың. Араларында мәжіліс депутаттары, ел аймақтарынан келген делегаттар, зиялы қауым өкілдері бар.

Серік Негимов – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Астана қаласы:

– Қожаберген Тәуке хан тұсындағы “Жеті жарғы” заңдар жинағын әзірлеуге белсене қатысып, кейін оны ақ былғарыға жазып Әз Тәукеге табыс еткен.

Осынау Ұлық мерекемен жерлестерімізді “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев құттықтады.

Мәулен Әшімбаев – “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

 – Сіздерде отандық маңызы бар шара өтуде. Бұл монумент елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында тұрғызылды. Әлі де алда өшкенімізді жаңғыртуға бағытталған шаралар қолға алынады.

Ескерткішті ашу құрметі “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа берілді.

Қожаберген жыраудың ұрпақтары да осынау сәттің куәгері атанды. Нұрлан Жұмабаев атасының есімі өз елінде ұлықталып жатқанына қуанышты. Арғы атасының мұрасын зерттеген жерлесіміз Қожаберген жыраудың сегіз қырлы тұлға болғанын айтады.

Нұрлан Жұмабаев – Қожаберген жыраудың ұрпағы:

– Қожаберген жырау 70 жыл аттың үстінен түспей, ұлан-ғайыр жерімізді жаудан аман алып қалуды ойлаған тұлғалардың бірі. Шебер, өз қолымен қару-жарақ жасаған. Біздің М.Жұмабаев ауданында Қожаберген шілігі (сай) бар. Онда батыр атамыз Қалмақтармен соғысқан. Сол арада Қасқат, Торат деген екі ауыл бар. Ол Қожаберген жыраудың сенімді сәйгіліктерінің аттары болған.

Салтанатты шара барысында жиналғандар дауылпаз бабаның ескерткішіне гүлдер қойып, рухына тағзым етті.

Берік Қасен