Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сотта ТҮКШ бөлімінің қызметкерлеріне қатысты шешім шығарылды

Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы қызметкерлері мемлекетке 213 миллион теңгенің материалдық шығынын келтірген. Олар бұзылатын баспаналарды басқа адамдардың атына рәсімдеп, ел қазынасынан өтемақы немесе жаңа үйлер алып отырған.

“Жас өркен” шағын ауданындағы ескі жер үйлер осыдан 2 жыл бұрын бұзыла бастаған. Баспаналары сүрілетін үйлердің қатарына іліккен қалалықтарға жаңа қоныс немесе өтемақы берілуі тиіс. Бұл жағдайды қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары өз пайдаларына жаратпақшы болған.

Осылайша, бөлім басшысының міндетін атқарушы Балдырған Өмірсейітова және заңгер Жанар Есетова қызметтік бабын пайдаланып бұл жер телімдері мен үйлерді иелерінен сатып алып, үшінші тұлғалардың атына заңсыз түрде рәсімдеген. Нәтижесінде, ақшалай өтемақы немесе жаңа баспана осылардың қолына тиеді. Мұндай қулыққа барған қызметкерлердің әрекетінен мемлекет қазынасына 200 млн теңгеден астам материалдық шығын келген. Оларға бұл істі жүзеге асыруға Өмірсейітованың жұбайы Қоблан Өмірсейітов және Жанар Есетовамен бірге тұрған Медет Сағди көмектескен екен. Бүгін сотта қылмыскерлерге байланысты шешім шығарылды.

Михаил Гусев – Петропавл қаласы сотының судьясы:

– Сот Балдырған Өмірсейітованы айыпты деп танып, оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы 4-бөлімінің 2-ші тармағы, 177-баптың 3-ші бөлімі, 218-баптың 2-ші бөліміне сәйкес 8 жылға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметтен шеттету жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлімінің 2-ші тармағы бойынша Қоблан Өмірсейітовты 6 жыл 6 ай, Жанар Есетованы 6 жыл 8 ай, Медет Сағдиді 6 жыл 8 айға қамауға алу және мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан 10 жылға айыру үкімі шығарылады.

Алайда, айыпкерлердің қорғаушысы соттың бұндай шешімімен келіспей отыр.

Александр Зенковский – қорғаушы:

– Бұл істі қайта қарау керек. Сондықтан, үкімге қатысты шағым түсіреміз. Соттың шешімі әділ болмағаны өкінішті-ақ.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан, айыталушылардың үкімге қатысты облыстық сотқа шағым түсіретін уақыттары бар.

 

Молдир Макишева