Білім

Петропавлда республикалық ата-аналар конференциясы өтті

21 ғасырдағы ата-ана қандай болу керек? Бұл мәселе Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде өткен республикалық ата-аналар конференциясында талқыланды.

Жасөспірімдік шақ – баланың дамуындағы күрделі, әрі маңызды кезең. Көптеген ата-аналар осы сәтте бірқатар проблемалармен кездесіп жатады. Олардың әрқайсысы ұл-қыздарының болашағына алаңдайды. Бұл ретте Елордадан келген Отбасылық тәрбиелеу институтының өкілдері ата-аналарға бала тәрбиесіне байланысты кеңес беріп, оларды алаңдататын сұрақтарға жауап берді.

Ирина Шэ – Отбасылық тәрбиелеу институтының кураторы:

– Бүгін – конференцияның соңғы күні. Осыған дейін М.Жұмабаев ауданында жиналыс өтті. Оған 2-ші, 3-ші және 4-ші сынып оқушыларының ата-аналары қатысты. Ал қазір өтіп жатқан жиынға 8-ші және 9-шы сыныптағы балалардың ата-аналары келді. Оларға жасөспірімдік шақта балаларымен қалай сөйлесу керектігі туралы, отбасындағы түсіністік жайлы айтылды.

Елордалық мамандармен қатар, конференцияда мектеп психологы да ата-аналармен әңгіме жүргізді. Ол балалардың мінез-құлқы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және отбасылық құндылықтарға тоқталып өтті.

Наталья Крылова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің психологы:

– Жасөспірімдік шақта балалардың басым бөлігінің ата-аналарымен қарым-қатынасы қиындайды. Түсініспеушіліктер орын алып жатады. Бұндай жағдайды болдырмау үшін мен балалармен әңгіме жүргіземін. Осы мектепте 16 жыл жұмыс істегендіктен, олар маған толығымен сенеді.

Ата-аналар өз кезегінде мұндай шараларды қолдап отыр.

Тұрсын Молдахметова – ата-ана:

– Қазір заман талабына байланысты балалардың жақсы тәрбиеленуі ата-аналарға байланысты. Біз жұмысымыздың тығыздығынан көп нәрсе ұмытылып кетеді. Ал мынадай шаралар біз үшін өте қажет деп ойлаймын.

Сондай-ақ, жиын барысында ата-аналар арнайы сауалнамаға жауап берді. Оның мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін білу. Жалпы, мұндай ауқымды ата-аналар жиналысы өңірімізде 5-ші мәрте өткізіліп отыр. Оған облыс бойынша мектеп жасындағы балалары бар 15 мыңға жуық жерлесіміз қатысқан.

 

 

 

Молдир Макишева