Құқық қорғау органдары

Заңсыз жолмен алкогольдік өнім сатпақ болған азамат құрықталды

Жыл басынан бері теріскейлік тәртіп сақшылары “Көршілік бақылау» профилактикалық іс-шарасын жүргізіп келеді. Бұл акция барысында полицейлер 6 бірдей құқық бұзушылық фактісін анықтапты.

Соңғы жағдай қазан айының басында орын алды. Онда қала базарларының бірінде астыртын жолмен алкогольдік өнім сатпақ болған 59 жастағы тұрғын құрықталды. Учаскелік инспекторлар азаматты заңбұзушылық барысында ұстап алған. Енді, осы ісі үшін саудагер 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Анатолий Колыванов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ учаскелік инспекторы:

– Азаматтан заңсыз жолмен сатылмақ болған 120 литр алкогольдік өнім тәркіленді. Факті бойынша ҚР ӘК 463-бабының 1-ші бөлімі бойынша іс қозғалды. Бұдан соң, материал Петропавл қаласының әкімшілік сотына жіберілді.


Эльмира Садвокасова