МТРА жаңалықтары

Сергеевка және Петропавл гидротораптарының техникалық жағдайы жақсы

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында үш су қоймасы бар. Сергеевка және Петропавлдағы гидротоптар ақаусыз жұмыс істеп тұр. Ал Шарық өзеніндегі қойма осыдан екі жыл бұрын апаттық деп танылған болатын. Оны “Қазсушар” мекемесі келесі жылы қалыпқа келтірмекші. Қазақстан мен Ресейдің бірқатар өңірлерін тіршілік нәрімен қамтып отырған бұл үш нысан енді ауыл шаруашылығында да пайдаланылады.

Саят Ермек – тілші:

– “Қазсушар” мекемесінің облыстық филиалы балансында 3 бірдей гидроторап бар. Солардың бірі облыс орталығында орналасқан. Мен тұрған Петропавл су қоймасына тіршілік нәрінің 24,5 млн текше метрі сияды.

Гидроторап күллі Петропавл халқын шаруашылық мақсаттағы сумен және ауыз суымен қамтып отыр. Ал үш бірдей суағар Есіл өзененің осы аумағындағы су деңгейін реттейді. Нысанның қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп танылған.

Шұғайып Ибатуллин – “Қазсушар” РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:

– 2011-2012 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқардық. Енді жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіп тұрамыз. Сонымен қатар, жылына екі рет комиссиялық тексерістен өтеміз. Жағдайы жақсы.

Ал мынау – Сергеевкадағы гидроторап. Мұндағы су қоймасының көлемі петропавлдағысынан шамамен 30 есеге артық. Мұндағы тіршілік нәрінің қоры теріскейді ғана емес, Ақмола, Қостанай облыстарын түгелдей, тағы Ресейдің Түмен өңірін ішінара сумен қамтуға жетеді.

Бағлан Қарабеков – Сергеевка гидроторабының өндірістік учаске басшысы:

– 693 млн. текше метр су бар. Құрылыстар күрделі жөндеуден өткізілді.Су астын сүңгуірлер тексеріп өтіп, кем жерлерін жөндеді. Гидротехникалық құрылымдарының бәрі жақсы қалыпта.

Бұл тораптың тағы бір ерекшелігі бар. Мұнда 18 метрлік тереңдікте гидро-электр станциясы орналасқан.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір біз гидро-электр станциясының ең төменгі нүктесіндеміз. Мұнда екі су турбинасы орналасқан. Есіл өзені суының ағыны әсерінен бұл турбина минутына 428 рет айналады. Кейін бұл механиалық энергия электр энергиясы болады.

Ал сол механикалық энергияны электр қуатына екі генератор түрлендіреді. Олар 2000 және 2002 жылдары жаңартылған. Тәулігіне олар 4800 кВ электр энергиясын шығарады екен. Ал жылына станция шамамен 16 млн Кв электр қуаттын өндіріп, оны аудандық шағын электр стансасына жолдайды. Бұл күллі Шал ақын ауданын жарықпен қамтуға жеткілікті көлем.

Сергеевка гидроторабындағы су қоры ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін де қолданылады. Қазір Шал ақын ауданы бойынша шамамен 7200 га суармалы алқапты қалпына келтіру керек. Бұл жерлерде көпжылдық өсімдіктер мен мал азықтарын өсіру мүмкіндігі бар.

Жұмабек Еңсегенов, Шал ақын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Әзірге 11 шаруашылықпен келісімшартқа отырдық. Бұл суармалы алқаптардың 6 мыңнан астам гектарын қалпына келтіруге сеп болады. Келісім аясында, мемлекет өз тарапынан сорғы станцияларын салып, су гидранттарына дейін тартып береді. Ал тауар өндірушілер өз қаражатына суару қондырғыларын алуы тиіс. Тіпті бұл шығындардың 30 пайызын билік субсидиялауға дайын.

Суармалы жерлерді қалыпқа келтіру “АӨК дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасының” басым бағыттарының бірі. Оны жүзеге асыруда “Қазсушарға” жүктелген міндет зор. Мәселен, алдағы бірер жылда Есілге құятын Шарық өзеніндегі гидроторапты жөндеу қажет. Бұл су қоймасы 2016 жылы апаттық деп танылған болатын. Ол қайта қалыпқа келтірсе, суарылмалы алқаптардың аумағын біршама арттыру мүмкіндігі тумақ.

Шұғайып Ибатуллин – Сергеевка гидроторабының өндірістік учаске басшысы:

– Шарық гидроторабына әзірге ЖМҚ әзірленіп жатыр. Оны қалпына келтірсек 300 га суармалы алқапты қалыпна келтіре аламыз. тағы мұнда дем алып, балық аулаға арналған орындар жасалады.

Ал Петропавлдағы және Сергеевкадағы су қоймаларының техникалық жағдайы жақсы. Мәселен, екі гидроторап та 2017 жылғы тегеурінді су тасқынында еш сыр берген жоқ.

Саят Ермек