Спорт

Теріскейлік каратеші еуропа чемпионы атанды

Теріскейлік 3 каратеші Швецияның Гётеборг қаласында өткен Еуропа чемпионатынан оралды. Дүбірлі додадан Людмила Бутенко өз жасында алтын алқаны қанжығасына байлап келген. Жалпы, кекушинкай каратеден өткен жарыста әлемнің 22 мемлекетінен жиналған 200-ге жуық спортшы өзара кіл мықтыны анықтады.

49 жастағы Людмила Бутенко 10 жылдай кекушинкай каратемен шұғылданып жүр. Теріскейлік каратэші бұған дейін тек облыстық және республикалық жарыстардың жүлделерін иеленсе, жуырда Еуропа чемпионы атағына лайықты деп танылды. Бұл байрақты додада 40 жастан асқан каратэшілермен жекпе-жекке шыққан жерлесіміз ақтық сынға дейін сүрінбей өтіп, финалдық кездесуде украиндық қарсыласынан басым түсті.

Людмила Бутенко – Еуропа чемпионатының жеңімпазы:

–  Қарсыласым салмағы және бойы жағынан менен ірілеу болды. Оның тәжірибесі де көп екен. Мәселен, ол қара белдіктің иегері, ал менде қоңыр белбеу. Дегенмен, күш жігерімді жинақтап, кездесу кезінде барымды салдым. Соңында жеңісті қанжығама байладым.

Жалпы Швецияның Гётеборг қаласында өткен Еуропа чемпионатына әлемнің 22 елінен 200-ге жуық каратеші қатысты. Бұл байрақты бәсекеде республика намысын 25 отандасымыз қорғап, ел қоржынына 6 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль салды.

Владимир Витченко – Бүкіл қазақстандық кекушинкай карате федерациясының СҚОФ директоры:

– Ел құрамасы осы жарыста жалпы командалық есепте 2 орынға ие болды. 1-ші орынды Швеция ұтып алды. Еуропа чемпионатына біздің өңірден 3 каратэші де қатысты. Біреуі алтыннан алқа тағынды. Бұл өте жақсы нәтиже.

Ендігі кезекте, теріскейлік спортшылар қазанның 13-і-14-і күндері Ресейдің Барнауыл қаласында кекушинкай каратеден өтетін халықаралық жарысқа қатыспақ. Онда облыстың атынан 34 каратэші бағын сынамақ.

Тогжан Акмагамбетова