Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында қазақ күресінен турнир өтуде

Петропавлда қазақ күресінен облыстық “Жас барыс” турнирі өтуде. 3 күнге жалғасатын дүбірлі додаға 100-ден астам палуан қатысуда. 16 салмақ дәрежесінде күш сынастырып жатқан спортшылардың бәсекесін әріптестерім тамашалап қайтты.

Алғашқылардың бірі болып шаршы алаңға Ермұқан Кентаев пен Ілияс Серіков шықты.

Қызыл киімдегі спортшы Ғ.Мүсірепов ауданының, ал көк жидедегісі Қызылжар ауданының намысын қорғауда. 51 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Ермұқан жекпе-жектің бірінші секунттарынан-ақ қарсыласының алдын орап кету үшін тер төгуде. Әне, міне дегенше бозбала жартылай әдісті ұтымды қолданып, жеңіске жетті.

Ермұқан Кентаев – жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бүгінгі жеңіс оңайға түспеді. Әлі де күресемін. Облыстық жарыстардың 2-3 дүркін чемпионымын. 46 келі салмақ дәрежесінде. Ал, бүгін мен алғаш рет 51 келі салмақта бақ таластырып жатырмын.

Жалпы, дүбірлі додада өңіріміздің әр ауданынан келген 100-ден астам палуан түрлі салмақтардағы кіл мықтыны анықтайды. Жарыс 3 күнге жалғаспақ.

Есенғали Сәуленбеков- жарыстың бас төрешісі:

– Бүгін облысымызда 2001-2002, 2003-2004 жылы туған балалар арасында қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр. 01-48* Екі жасты қосқан кезде 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады. Ең кішкентайы 38 келі, ең ірісі 90 келіден әрі қарай.

Аталған додада өз салмағында топ жарған палуандар Шучинск қаласында өтетін республикалық “Жас барыс” сайысына жолдама алады.

Тогжан Акмагамбетова