МТРА жаңалықтары

Өңірге республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдері келді

Өңірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері келді. Елордалықтар күннің бірінші жартысында Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық індетпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

Республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдері алдымен Есіл ауданының оқу ошақтарында болып, өскелең ұрпақпен сұхбаттасты. Кейін әлеуметтік маңызы бар ғимараттардың қазіргі жағдайын байқады. 4 жыл бұрын қолданысқа тапсырылған аудандық орталық аурухананың бүгінгі көрінісі мынадай. Ғимараттың құрылысына ел қазынасынан 1 млрд теңге жұмсалған екен.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:

– Орталық емхананың қазіргі жағдайы сын көтермейді. 40 жыл бұрын салынған ғимараттан кем емес. Суағарлар құлап, қисайып жатыр. Кірпіштер мүжілуде.

Емханаға қатысты іс ендігі кезекте, мәселенің анық-қанығына жету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюроға жолданатын болды. Осы тектес олқылықтар жайлы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне аудандық арнайы мониторингтік топ өкілдері хабарлап отыруы тиіс болатын. Алайда, олар бұл мәселеге көз жұма қарауды жөн санапты. Осы орайда, Арман Бердалин мониторингтік топ құрамына депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерді алмау жөнінде ұсыныс тастады.

Республикалық мониторингтік топ өкілдері Есіл ауданының әкіміне кемшіліктерді түзету бойынша бірқатар ұсыныстар беріп, мемлекеттік қызметшілерді ел игілігі жолында адал жұмыс істеуге шақырды.

Алдан Менкеев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі республикалық мониторингтік тобының мүшесі:

– Кейбір мемлекеттік қызметшілер тиісті жұмысты атқармайды. Комиссия келерде ғана қимылдай бастайды. 20-30 жылдан кейін сіз бен біз атқарған жұмыстардың нәтижесін балаларымыз көреді. Өскелең ұрпаққа жемқорлық туралы өлеңдер жаттатқызудың қажеті жоқ. Одан да адал істеріңмен үлгі көрсетіңдер. Қазір баланың көзінше біреуге пара берілсе, болашақта ол да соны міндетті түрде қайталайды. Ал парақорлықтың соңы жақсылыққа апармайды.

Есіл ауданында халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы төмен. Ауданда интернет жақсы жұмыс істеп тұрғанымен, электрондық қызмет көрсету оң жолға қойылмаған.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:

 – Елімізде 741 мемлекеттік қызмет түрі бар болса, соның 60 проценті электрондық үлгіде халыққа ұсынылады. Бірақ бұл туралы тұрғындар білмейді екен. Салдарынан ақшалары мен алтын уақыттарын шығындап, аудан орталығына келіп жүр.

Республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданына да бармақшы.

Берік Қасен