ТЖ

Аға буын өкілдері өрт сөндірушілердің музейін аралады

Құтқарушылар күні қарсаңында қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің мамандары аға буын өкілдерімен және жастармен кездесті.

Бұл шараны Ұлттық еріктілер желісінің облыстық филиалы республикалық “Жеңіс” жобасының аясында ұйымдастырған. Бір ай бойы еріктілер аға буын өкілдері үшін бірнеше мәдени-танымдық іс-шараларды өткізетін болады. Бұл жолы олар қарттарға өрт сөндірушілердің музейіне экскурсия ұйымдастырып, тілсіз жауды ауыздықтайтын жандардың қиын әрі жауапты қызметімен, мамандықтың тарихымен таныстырды. Сондай-ақ, қазір өңірде өрт қауіпсіздігінің айлығы өтіп жатыр. Кездесуді пайдаланып, құтқарушылар зейнеткерлерге ережелерді бір қайтара ескертіп, абай болуға кеңес берді. Оларға тиісті қағидалар жазылған жадынамалар таратты. Себебі, оқыс оқиғалардың басым бөлігі жер үйлерде жалғыз тұратын қарт адамдардың баспаналарында орын алып жатады.

Саят Ермек