Қоғам

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Жыл басталғалы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің облысымыз бойынша департаментінің мамандары мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын байқау үшін 33 тексеріс жұмысын жүргізген. Бұл шараның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Олар 485 олқылықты анықтап, 30 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Бұдан бөлек, тұрғындардан 24 шағым келіп түсіпті. Негізінен солтүстікқазақстандықтардың жер қатынастары және денсаулық сақтау салаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге көңілі толмайтын көрінеді. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында қаузалды. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатындығын Елбасы өзінің 5-ші қазанда жариялаған жолдауында да айтып өткен болатын. Президент мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізу керектігін айтты. Бұл бағытта өңірде жұмыс жасалып жатыр. Бірақ әлі тиісті деңгейде емес. Жалпы, маңызды құжатта Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуі тиіс екендігін алға тартқан болатын.

Магжан Ахмадина