Спорт

Құлагер ХК өз айдынында “Алматы” құрамасын қабылдады

Шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі жалғасуда. Бұл жолы Құлагер ХК өз айдынында “Алматы” құрамасын қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ойын барысы жайлы әріптесім Альмира Жетпісбай тарқатады.

Шайба ойынға қосылысымен құрамалар қызу тартысқа көшті. Жанкүйерлердің қолдауынан күш алған жерлестеріміз бірден алға ұмтылды. Алайда, бұл қарқын өз нәтижесін бермеді. Өйткені, алматылық қонақтар да кездесудің 1-ші периодынан сауатты өнер көрсетіп, шайбаны құлагерліктердің зонасында ұстады. Хоккейшілер қанша шабуылдағанымен қос қақпаның да кілтін табылмады. Сөйтіп, алғашқы период 0:0 есебімен аяқталды.

–  Екінші периодта құлагерліктер міндетті түрде жеңіске жетеді. Мен оған сенімдімін. Кем дегенде қонақтардың қақпасына 2 шайба салады.

– Біздікілердің ойыны жақсы. Бірақ, өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмай жатыр.

Келесі кезеңді де құлагерліктер қарқынды бастады. Сөйтіп, бұл периодтың
3 минутында солтүстікқазақстандық хоккейші Евгений Попитич есеп ашты. Осылайша, жерлестеріміз алға суырылып шықты. Дегенмен, теріскейліктердің қуанышы көпке созылмады. Бұл периодтың дәл ортан белінде қарсылас команданың шабуылшысы Сергей Демагин таразы басын теңестірді. Сонымен есеп 1:1. Бұл қос кезеңнің қорытындысы.

3 кезеңнің тартысты кездесуінде хоккейшілер қызбалыққа салынып, жұдырықтасып та үлгерді. Бұдан соң ойынның 43-ші минутында алматылық имек таяқ шебері Вячеслав Муштаев 2-ші шайбаны соғып, командасын алға шығарды.
Алайда, шешуші периодта құлагерліктердің жолы болды. Алдымен, есепті теңестірген Виталий Андрейкив, 55-ші минутта дубль иесі атанды. Осылайша, теріскейліктер 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Виталий Андрейкив – “Құлагер” ХК қорғаушысы:

– Қарсылас “Алматы” командасы осал емес. Соңғы кездесуде құлагерліктер ұйымшыл болып, жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғыс білдіремін.

13 ойынды артта қалдырған Құлагер ХК қазір 28 ұпаймен турнирлік кестенің 3-ші сатысына тұрақтады. Оның алдын әзірге көкшетаулық Арлан мен өскемендік Алтай-Торпедо орап отыр. Бірақ аталған қос құраманың 14 кездесу өткізіп үлгерген.

Альмира Жетписбай