Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір активі Елбасы Жолдауын талқылады

Депутаттар, билік өкілдері мен қоғам белсенділері бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын талқылау үшін бас қосты. Мәселен, өңірде “7-20-25” бағдарламасын жүзеге асыру үшін келер жылы жергілікті бюджеттен қосымша 200 млн теңге бөлінбек. Бұл сома бастапқы жарнаның тең жартысын субсидиялауға жұмсалады.

Қазақстандықтардың ауқатты өмір сүрулері үшін ең алдымен табысын өсіру керек. Сондықтан, Елбасы 1-ші қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Президент жүктеген бұл міндет келер жылы 43 мыңға жуық жерлесіміздің айлығын арттыруға септеспек. Тағы бюджеттік мекемелерде еңбек ететін отандастарымыздың жалақысын өсіру қажет деді. Бұл оң өзгеріс медицина саласына да қатысты. 2019 жылы ақ халаттылардың айлық еңбекақысы – 20 процентке, ал өңірдегі барлық мекемелердің бюджеті 3 есеге артады. Бұл өңір бойынша бірнеше өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.

Тағы отандастарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін оларға шағын және орта бизнес ашуда қолғабыс ету қажет. Сондықтан, Президент “БЖК 2020” бағдарламасын 25-ші жылға дейін ұзартуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл бастама өңірде қосымша 3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тағы ауыл шаруашылығында – 46, ал өңдеу саласында 60-қа жуық өндіріс ошағының жұмысын қайта жаңғыртамыз. Қазір бір жылда теріскейлік кәсіпорындар орташа есеппен 180 млрд теңгенің өнімін шығарады. “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасын одан әрі жалғастырудың нәтижесінде бұл көрсеткішті 293 млрд теңгеге дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

Биыл Елбасы “7-20-25” бағдарламасын іске қосуды ұсынған еді. Ол бектіліген бірнеше айдың ішінде тек бір ғана жерлесіміз пәтер алыпты. Бағдарлама тиімді, бірақ ол өңір тұрғындарына қолжетімді болу үшін әкімдік бастапқы жарнаны субсидиялау үшін өңір қазынасынан қосымша 200 млн теңге бөлген.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жерлестеріміз бұл субсидияның арқасында 20 емес, 10 проценттік бастапқы жарна төлейтін болады. Осылайша, баспананы солтүстікқазақстандықтар үшін қолжетімді етпекпіз. Пәтер тапшылығы болмайды. Себебі, қазір өңір бойынша 2011 пәтерлік 16 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал 2019 жылы тағы 12 баспана бой көтереді. Осылайша, қосымша 1500 пәтер жерлестеріміздің игілігіне тапсырылады.

Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық аймақ болғандықтан, әңгіме осы сала турасында да өрбіді. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың сөзінше, бұған дейін өңір аграрийлері 1,3 млн гектар алқапты тиімді не мүлде пайдаланбай келген. Мысалы, көршілес жатқан екі шаруашылықтың бірі маусым соңында мол өнім алса, екіншісі жұмысты сылбыр атқарады. Облыс әкімі соңғы аталған жауапсыз шаруалардан жерді қайтарып алу ісін қатаң бақылауына алатынын жеткізді.
Ал, Жолдаумен жіті танысқан өңірдің беткеұстар диқандары болса шетелге шикізатты ғана емес, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін де шығаруға дайынбыз дейді.

Анатолий Рафальский – “Тайынша Астық” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Біздің бәсекеге қабілетті, шетел нарығында үлкен сұранысқа ие бола алатын өнімдерді шығаруға қауқарымыз бар. Шетелдіктер біздегі алқаптардың құнарлығына таңдай қағады. Елбасы Жолдауын негізге ала отырып, әкімдік бізге Қытай және өзге де шекаралас мемлекеттерге теріскейлік тауарларды экспорттауда қолдау көрсетсе дейміз.

Жиында спорт саласын дамыту туралы да айтылды. Құмар Ақсақалов дене шынықтыру және спорт басқармасына Петропавлда және аудандарда сауықтандыру кешендерін, спорт алаңдарын көптеп салу ісін жалғастыруды тапсырды.

Саят Ермек