Балалар

Аутизм дертіне шалдыққан балалар иппотерапия әдісі арқылы ем алды

Қазанның екінші жексенбісі көңілі жарым, денсаулығында кемістігі бар жандарға мейірім сыйлайтын күн. Осыған орай Бескөлдегі “Құлагер” ипподромында шарапаты мол шара өтті. Дәстүрлі акция барысында аутизм дертіне шалдыққан 15 бала атқа мінді.

Балалардың “Құлагер” ипподромына жасаған экскурсиясы жылқылар тұратын орыннан басталды. Мұнда аутизм дертіне шалдыққан балғындар төрт түліктің төресі саналатын жануарларды көрді. Келушілер жай ғана қарап қоймай, жылқыларға қант, сәбіз сынды түрлі дәмдіні берді. Осылайша уақыттарын көңілді өткізді. Жалпы, мұндай шара теріскей өңірінде осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр екен.

Елена Чмель – “Мой ребенок” ҚБ жетекшісі:

– Біз бұған дейін бірнеше рет облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасына хат жазып, иппотерапия шарасын өткізуді сұраған болатынмыз. Өтінішіміз жерде қалмай, акция ұйымдастырылды. Мұндай шараның пайдасы зор. Неге десеңіздер, науқас жеткіншектер атты ұстайды, жылқыға мінеді. Осылайша қоршаған ортаға жақын бола түседі. Өзімнің ұлым да осында келіп жүр. Нәтижесі жаман емес, балам адамдармен сөйлесетін болды.

Қызықтың бәрі далада болды. Мына шашпаның ішінде балалар кезектесіп атқа мінді. Көп кешіпей Әділжанның да кезегі келді. Ол атқа мініп, бір айналым жасады. Мұның өзі жеткіншекке ұнағаны көрініп тұр. Баланың жүзіне күлкі ұялап, ата-анасына барды.

Индира Батырбекова – ата-ана:

–  Аутизм ауруынан емделуге иппотерапияның көмектесетіндігі ғылыми түрде дәлелденген. Сондықтан, Әділжанға бүгінгі серуеннің тигізер пайдасы мол деп білемін. Негізі, бірінші рет келіп отырмыз. Енді, үнемі келіп атқа отыруды әдетке айналдырамыз.

Жалпы, бүгінгі шара барысында 15 бала атқа отырып, уақыттарын пайдалы әрі қызықты өткізді.

Байболат  Култанов