Елімізде барлық аурулардың ішінде онкологиялық дерттен болатын өлім-жітім екінші орында тұр. Осылайша, жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісіктен 16 мыңнан астам отандасымыз көз жұмады екен. Сондықтан бүгінде осы бағытта ем көрсету, саланы алға қою өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы ел халқына арналған кезекті жолдауында обырды ерте сатысында анықтап, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Елімізде қатерлі ісіктен мыңдаған адам көз жұмуда. Обырды ерте сатысында емдеу үшін дәлдігі жоғары сәулелік аппараттар қажет болып тұр. Мемлекет басшысы мұны өз Жолдауында айтып, жуық арада Астанада онкологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашу жөнінде бастама көтерді. Ол әлемнің озық қондырғыларымен жабдықталатын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– Томотерапия, протонотерапия, кибер-пышақ: сәуле арқылы сау жасушаларды қозғамай қатерлі ісікке ғана әсер ететін бірегей аппараттар жаңадан ашылатын орталықта болады.
Ақылды қондырғылар бірнеше қызметті атқара алады. Олардың көмегімен мидың қатерлі ісігін де, онкологиялық дерттің басқа түрлерін де емдеуге болады. Жоғары технологиялық бұл аппараттың көмегімен адамның сау ағзаларына зақым келмей, 100 пайыз дәлдікпен қатерлі ісік жасушалары ғана жойылады. Бұл қондырғы сырқаттың бірінші, екінші сатысында қолданылған жағдайда, науқастың аурудан толығымен айығып кету мүмкіндігі бар дейді тәжірибелі онкологтар.
Қабдырахман Сақтағанов – облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
– Онкологиялық аурулар неғұрлым ерте сатысында анықталса, оны 100 процент емдеп жазуға болады. Осы орайда елімізде скринигтік тексерістер жақсы нәтижесін беріп келеді. Ең бастысы, ауруды асқындырып алмаған жөн. Бізде обырды ерте сатысында анықтауға барлық мүмкіндік бар. Бүгінде облыстық онкологиялық диспансерде 9,5 мың адам тіркелген. 70 %-і егде жастағы жандар.
9,5 мың науқастың 32 %-ының дерті ерте сатыларында анықталған. Жалпы Қазақстан – ТМД елдерінде онкологиялық ауруларды тегін емдейтін мемлекеттердің бірі.
Қабдырахман Сақтағанов – облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері:
– Біз мемлекеттің қаражатына қарап отырмай, қосымша табыс көздерін де іздестірудеміз. Мысалы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сандық мамограф, магнитті-ядролық резонанстық томография қондырғыларын сатып алдық. Алдағы уақытта дәрігерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары одан әрі жалғасын табады. 2018 жылдан онкологиялық қызметті дамытудың 5 жылға шақталған бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Аталмыш жоба қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуды көздейді.
Сондай-ақ, Президент халыққа арнаған Жолдауында медициналық қызметкерлер мен дәрігерлерге оңтайлы жағдай жасау керектігін айтқан болатын. Соның ішінде баспанамен қамту мәселесі де көтерілді.
Назым Қажығалиева – облыстық онкологиялық диспансер жансақтау бөлімшесінің мейірбикесі:
– Бүгінде тұрғын үй құрылысына “Нұрлы жер” бағдарлаамсы зор серпін беріп отыр. Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыратын жаңа “7-20-25” бағдарламасы іске қосылды. Елбасы әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.
“Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды. Алдағы уақытты оның аясында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласы да ретке келтіріліп, бағаны негізсіз шарықтата беретін монополистермен күрес жүргізілмек. Себебі, қымбаттап кеткен коммуналдық қызметтер табысы аз тұрғындардың қалтасын қағуда.
Берік Қасен