МТРА жаңалықтары

Қаладағы көне ғимарат қалыпқа келтіріледі

Петропавл тұрғындарын алаңдатып отырған Брусиловский көшесінің бойындағы көне ғимарат қалыпқа келтірілетін болды. 100 жылдық тарихы бар көпес үйін теріскейлік кәсіпкерлердің бірі сатып алған.

Саят Ермек – тілші:

– 100 жылдық тарихы бар бұл 2 қабатты ғимаратты петропавлдықтар өздерінше жергілікті “Колизей” деп атайды. Неге екені айтпаса да түсінікті. Өткен ғасырдың 15-16-шы жылдары тұрғызылған нысан әуел баста Шамсутдиновтер әулетінің дүкені мен баспанасы болған. Кеңес үкіметі кезінде мұнда облыстық компартия комитеті, сәл кейінірек жергілікті аурухананың корпусы орналасқан. Кейін ғимарат жеке меншікке беріледі. Алайда, жаңа қожайын қаланың архитектуралық мұрасын мүлде қараусыз қалдырған.

Қазір тарихи ескерткіш қаңғыбастар қонысына айналған. Терезелері жоқ, ал ішкі қабырғалары құлағалы тұр. Сондықтан, “Колизейдің” келешегі қалалықтарды толғандырғаны түсінікті. Жақында, ғимаратты қалыпқа келтіретін жан, әйтеуір, табылды. Қыркүйектің ортасында оны “Семейный” сауда желісінің иесі, өңірге белгілі кәсіпкер Андрей Исаков сатып алған. Мұнда ол әмбебап сауда әрі ойын-сауық кешенін жасамақшы.

Саят Ермек – тілші:

– Қабаттарды бөліп тұратын бетон едендер, қызыл кірпіш – мұнда құрылысқа қажеттінің барлығы баяғыда-ақ ұрланып кеткен. Сондықтан жаңа қожайынға ғимаратты қайта қалыпқа келтіру қымбатқа әрі қиынға түседі.

Бұған қарамастан жоспар ауқымды. Нысанның жерасты қабатында өндірістік цехтар, біріншісінде “Семейный” супермаркеті, ал екінші қабатта сауда орталығы орналасатын болады. Кәсіпкер тағы мейрамхана, дәмханалар орын тебетін қосымша үшінші қабатты көтеруді көздеп отыр. Бірақ, ғимарат тарихи ескерткіш саналғандықтан, сырт келбеті сол қалпы қалады, тек қасбеті сырланып, әрленеді.

Роман Котов – “Семейный” сауда желісінің даму жөніндегі директоры:

– Алдымен ғимаратты техникалық тексерістен өткіземіз. Оның қорытындысы негізінде жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Су, кәріз, әрі жылу желілерін тарту керек болады. Қалыпқа келтіру шаруасын 2020 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – шаһар тарихының бір бөлшегі. Оны қайта жаңғыртуды өз міндетіміз деп санадық. Жергілікті билік қолдан келгенше көмектесеміз деді.

Ал тарихи ескерткіш ғимаратын сатып алу құнын сауда желісі өкілдері құпия ұстап отыр. Қазір көне ғимарат маңында өсіп тұрған ағаштар кесіліп, маңайы күл-қоқыстан тазартылуда. Қар түскенше нысан қоршалатын болады. Жұмыстар аяқталған соң нысанға дейін жол салу да жоспарда. Осылайша, Брусиловский көшесін ұзартатын жаңа даңғыл Пушкин мен Театральная көшелерін жалғайтын болады.

Саят Ермек