Құқық қорғау органдары

Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл толды

Биыл ішкі істер департаментінің аса маңызды саласының бірі – қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл толып отыр. Жергілікті тәртіп сақшылары мерейтойды айрықша айшықтап атап өтті. Олар салтанатты шараға сала ардагерлері мен жұмыс бабында шейіт болған полицейлердің туыстарын арнайы шақыртып, меймандарды мерейтойлық медальдармен марапаттады. Бұл ретте қанды қол қылмыскерді дер кезінде ұстап, кез-келген қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүргендердің де еңбегі ескерусіз қалмады.

Қылмыстық іздестіру қызметі алдын ала жоспар құрмайды. Себебі қылмыстар тапсырыс бойынша жасалмайды. Жедел уәкілдер мен құқықбұзушылардың ізін кесушілер күн-түн демей, демалыс және мерекелерде қоғамның тыныштығын сақтау жолында еңбектенеді. Қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысады. Осындай жұмыстың арқасында облысымыздағы криминогендік ахуал тұрақты дейді облыстық ІІД бастығының орынбасары Қайрат Оразалин.

Қайрат Оразалин – СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:

– Криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, экстремизмге қарсы күрес басқармаларының есіл еңбегін ерекше атап өткім келеді. Аталған ведомстволардың жұмысы беті ашылған қылмыстар санымен бағаланады. Үстіміздегі жылы 1700-ге жуық қылмыс әшкереленді. Барлығы 20 – өлім, 14- қарақшылық, 89-ұрлық, 2 мыңнан астам бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері тіркелді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары іздеуде жүрген 71 қылмыскерді тапты.

Биыл өңір полицейлері 6 адамнан жасақталған ұйымдасқан қылмыстық топты да анықтапты. Олар есірткі бизнесімен айналысып келген. Осы жылы заңсыз айналымнан барлығы 420 келі түрлі есірткі заты тәркіленген екен. Алаяқтар мен қылмыскерлер құйтырқы әрекетін жасыру үшін жаңа технологияларды пайдалануда. Соған сәйкес полицейлер де білімдерін үздіксіз жетілдіріп отырады. Бұл істе облыс әкімдігі де ішкі істер органдарының материалдық-техника­лық базасын жаңартуға септесіп, басқа да қажетті жаб­дық­тармен қамтамасыз етуде ерекше қолдау көрсетіп келеді.

Пётр Климов – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

 – Соңғы жылдары облысымызда қылмыс түрлері азайып келеді. Біздің басқарма бұрындары жасалған 600 қылмысты ашты. Соның ішінде адам өлтіру, ұрлық-қарлық, бұзақылық фактілері бар. Мен әріптестерімді осынау торқалы тоймен құттықтаймын. Қоғам қауіпсіздігі жолында ат­қарып жүрген қызметтеріңде әр­дайым сәттілік тілеймін. От­ба­сы­ларың аман болып, абы­рой­ларың арта берсін!

Қылмыстық іздестіру қызметінің 100 жылдығына орай бірқатар қызметкердің шені жоғарылады. Осы салаға барша ғұмырын арнаған арда­герлерге де қошемет көр­сетілді. Аға буын өкілдеріне және қызмет барысында көз жұмғандардың туыстарына мерейтойлық медальдар табысталды.

Людмила Данилова:

– Менің әкем қызметте жүріп қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Мен әкемнің ісін жалғастырып жүрген жастарға ризашылығымды білдіремін.

Ал қылмыстық із­дестіру саласының қызметкерлеріне Отан алдындағы мінсіз қызметі үшін төсбелгілер, ҚР ІІМ Құр­мет грамоталары, департамент басшылығының мақтау қағаз­дары мен алғыс хаттары табысталды. Еңбегі еленгендердің қатарында Асан Мейрамов та бар. Жерлесіміз көп жылғы жұмысының еленгеніне қуанышты.

Асан Мейрамов – Петропавл қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары:

 – Жедел-іздестіру қызметінде 22 жыл еңбек өтілім бар. Осы аралықта шенім полковникке дейін өсті. Бүгін менің көп жылғы еңбегім еленіп жатыр. Бұл менің ғана емес, ұжымның және мені түсініп, әрдайым қолдау білдіретін туыстарымның марапаты.

Мерейлі ме­реке күні өңір өнерпаздары қылмыстық іздестіру қыз­метінің барлық арда­герлеріне, олардың өкшесін басқан полицейлерге жан­кешті жұмыстары үшін шексіз алғыстарын жеткізді.

Берік Қасен