Спорт

Петропавлда тренерлерге арналған семинар өтуде

Петропавлда жаттықтырушыларға арналған біліктілікті арттыру бойынша 2 күндік семинар бастау алды. Шараны Астанадан арнайы келген Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері ұйымдастырған. Мамандар жергілікті 100-ден астам бапкермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізеді.

Қазір семинар практикалық тұрғыда өтіп жатыр. Елордалық сарапшы бапкерлерге спортшылардың күш-қуатын дұрыс жұмсауды үйретуде. Яғни, ол арнайы кесте құрып, жаттығу барысында түсетін жүктемені есептеп берді. Енді біздің өңіріміздің бапкерлері де осы таблица арқылы жұмыс істей алады. Жалпы, аталған шараны ұйымдастыру үшін елордадан сарапшыдан бөлек, медбике мен психолог та келген.

Бахытжан Есжанов – ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт резерві және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, Астана қаласы:

– Теория жүзіндегі семинар таңертеңгілік уақытта өтті. Онда спортышаларды дайындауда спорттық медицина мен психологтың қажеттігі жайлы айтылды. Себебі, жарыстарға қатысатын жандар физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық жағынан да шыңдалуы тиіс. Ал, қазір біз жиналғандарға спортта қолданылатын жаңа әдістемелерді үйретіп жатырмыз. Мысал ретінде, еркін күрес пен теннисті алдық.

Семинарға өңіріміздің барлық аудандары және қалалық мектептер мен клубтардың тренерлері қатысып жатыр. Солардың бірі – еркін күрстен жаттықтырушы – Аян Бейсембаев. Оның бапкерлікпен айналысып жүргеніне 15 жылдың жүзі болыпты.

Аян Бейсембаев – спортта дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының бапкері:

 – Балаларға да, бізге де үйренетін нәрселер көп. Теория барысында психология жайында айтты. Яғни, спортшыларымызды қалай дайындау керектігін түсіндірді.

Ал, ертең елордалық мамандар ипподромда ұлттық спорт түрлерінен шеберлік сағатын өткізеді. Атап айтсақ – көкпар, теңге ату, аударыспақ және жамбы атудың қыр-сырымен бөліметін болады.

 

Молдир Макишева