МТРА жаңалықтары

Петропавлда 60 тұп қайың және шырша ағашы егілді

Бүгін Береке ықшам ауданында салынып жатқан шіркеу аумағында жас көшеттер отырғызылды. Бұл жолы орманшылар діни мекеменің аумағына 60 түп қайың мен шырша ағаштарын екті.

Қаладағы “Береке” шағын ауданында тұрғызылып жатқан православ шіркеуі көп ұзамай халық игілігіне тапсырылады. Сондықтан, қазіргі таңда діни нысан аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін бұл шаруаға өңірдегі орман шаруашылықтары да үлес қосты. Олар өздеріне қарасты тәлімбақтан жас көшеттер әкелген. Булаев орман шаруашылығының қызметкері Марат Әубәкіровда дәл қазір шырша ағаштарын егіп жатыр. Тәжірибелі бағбан жас көшеттерге жөнді күтіп жасаса, бірнеше жылдан соң жайқалып тұратындығын айтады.

Марат Әубәкіров – Булаев орман шаруашылығының орманшысы:

– 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осындай нысандардың жанында, көше бойында отырғызып отырамыз. Шырша, қайың ағашы. Су құйып отыру керек. Сонда дұрыстап өседі. Мектептерге апарамыз, көп мекемелер сұратады.

Бұл жолы теріскейдегі орман шаруашылықтары жалпы саны 60 көшет отырғызбақ. Оның 30-ы қайың болса, тағы соншасы шырша ағаштары.

Василий Лабанчук – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Православ дінін ұстанушылардың өтінішін жерге қалдырмай, бүгін ғимарат айналасын абаттандырып жатырмыз. Көшеттер солып қалмау үшін, жерге құнарлы топырақ та салдық. Енді өскіндерді жиі суарып отырса болғаны.

Табиғат сақшылары жыл соңына дейін тағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарда көшеттер отырғызбақ ниетте.

 

Бахыт Садвокасов