Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұстаздар күні қарсаңында облыс орталығында мерекелік шара өткізілді

Елімізде қазанның бірінші жексенбісінде Ұстаздар күні аталып өтіледі. Мереке қарсаңында облыс мұғалімдерін өңір жетекшісінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады. Салтанатты шара барысында еңбегімен ерекшеленгендер өңір басышысының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұстаз десе толқымайтын жүрек, туламайтын қан болмас. Бұл өмірде мұғалім алдынан өтпеген жан жоқ. Ұстаз – екінші анамыз, бізге сапалы білім беріп, асқақ армандарға жетелейтін ардақты жан. Салтанатты кеш барысында еліміздің білім беру саласын дамытуға ат салысқан педагогтарды төл мерекелерімен өңір жетекшісінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – облыс әкімінің орынбасары:

– Құрметті ұстаздар сіздерді кәсіби мерекелеріңіз мұғалімдер күнімен құттықтаймын. Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы ұстаздық ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз деген болатын.

Мұғалімдер жоғары құрмет пен қошеметтің қай-қайсысына болсын лайықты. Кәсіби мерекелері қарсаңында өңірдің оқу-ағарту саласына сүбелі үлес қосқандарының еңбегі ескерусіз қалмады. Бірқатары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, тағы “Ы.Алтынсарин” және “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгілері де табысталды.

Жиын барысында smart мектептер үшін ақылды технологиялар ойлап тапқан педагогтарға ақшалай сертификаттар табысталды. Осылайша, ұстаздар талмай талаптанып, қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Оқушылары мен студенттері республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр. Соңғы екі жылда 65 солтүстікқазақстандық бала зияткерлік турнирлердің жүлдегері, 270-ке жуық мектеп түлегі “Алтын белгі” иегері атаныпты. Бүгінде оқу ошақтарындағы шығармашылық ұжымдар өзге мемлекеттерге шығып, шетелдіктерді өнерлерімен тамсандыруда. Әлемге Қазақ елін танытуда. Аталған жетістіктердің бәрі мұғалімдердің күн сайынғы қажырлы еңбегінің жемісі.

Сондай ардақты ұстаздардың бірі – Айнагүл Есқалиева. Биыл жерлесіміз “Жылдың үздік педагогы” атағын алды. Оған қоса Білім және ғылым министрлігі педагогқа 2 млн 400 мың теңгенің ақшалай сыйлығын берген.

Айнагүл Есқалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының ұстазы:

– Мұны мен ұстаздар қауымына көрсетілген ерекше құрметтің бегісі деп білемін. Бүгінгі күні білім саласында көп өзгерістер орын алуда. Соған қарамастан, маңдай терімізді аямай оқушылармен, ата-аналармен жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Әріптестерімді ұлық меркемен құттықтаймын!

Жаһандық өзгерістер ұстаздар қауымына жоғары талаптар қойып отыр. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам солтүстікқазақстандық мұғалім біліктілігін арттырып, өскелең ұрпаққа жаңартылған бағдардама аясында білім беруде.

Мұғалімдер бала жанын ұғады, бар сырын көзінен біліп, ісінен сезетін қасиетке ие. Салтанатты кеште оқушылар өздерінің шәкірттік лебіздерін әнмен білдірді.

Берік Қасен