“Ауруды емдегенше, оның алдын алған жөн”! Солтүстік Қазақстан облысы эпидемиологиялық маусымға қарсы екпе қорымен толық қамданды. Қазір тегін екпе алатындарға 60 мың вакцина дайын тұр. Жерлестеріміздің алғашқы легі препаратты алып та жатыр. Өткір респираторлық ауруларға қарсы дәрі егу жұмыстары қарашаның соңына дейін жүргізілмек.
Күз келісімен тұмау мен өткір респираторлық аурулар кенеттен өршіп, белең алатыны белгілі. Сол мақсатта қазір өңір аудандарындағы аудандық орталық ауруханалар мен қала емханаларында екпе жұмыстары басталып кеткен. Тұмаудың алдын алуға бағытталған шаралар шаһардағы №3-ші қалалық емханада да жүргізілуде. Биылғы науқан барысында мұндағы ақ халаттылар тіркеуде тұрған 7660 тұрғынға тегін екпе жасамақ.
Роза Күшбасова – №3 қалалық емхананың эпидемиологы:
– Біз бірінші кезекте тәуекел тобына жататын тұрғындарға екпе саламыз. Бұл санатқа балалар, аяғы ауыр нәзікжандылар, арнайы интернаттарда тәрбиеленетін жасөспірімдер мен қариялар, мүгедектер, жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққандар жатады. Тағы медициналық мекемелерде қызмет ететін мамандар да осы санатқа кіреді.
Аталмыш емдеу мекемесінде 68 мың петропавлдық тіркеуде тұр. Денінің саулығын ойлаған жерлестеріміз қазірдің өзінде егу кабинеттерінің алдында тұр. Солардың бірі – зейнеткер Николай Кондратов. Бүгін ол да ауырмау үшін медбикеге тегін препаратты ектірді.
Николай Кондратов – зейнеткер:
– Өз басым 2-ші жыл екпе алып отырмын. Денсаулығым болмағандықтан емханада есепте тұрмын. Жаңа ғана бұлшық етіме вакцинаны қойып берді. Енді тұмаумен ауырмайтын болдым.
Жалпы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер, алдағы эпидемиологиялық маусымға қажетті екпе қорымен толық қамданғандықтарын жеткізді. Айталық, биылғы маусымда тегін екпе алатындарға деп 60 мың вакцина жеткізіліпті. Ресейдің фармацевтикалық компаниясында өндірілген “гриппол плюс” препараты, тұмаудың қауіпті түрлеріне төтеп бере алады екен. Осы күнге дейін арнайы есепте тұрған өлке тұрғындарының 5 мыңы тұмауға қарсы екпе алыпты. Осы ретте мамандар жерлестерімізге маусымдық вирусқа немқұрайлы қарамай, алдын алу шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.
Айнаш Сағандықова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:
– Адам көп жиналатын орындарда болу уақытын қысқарту, бірреттік бетперделерді пайдалану қажет. Жөтелген, ауру белгілері бар адамдармен бойды аулақ ұстау, даладан үйге келгенннен соң қолды сабындап жуу керек. Үйді мүмкіндігінше желдетіп отырған абзал.
Айта кетейік, облыс тұрғындарын тұмауға қарсы вакцинациялау шаралары қараша айының соңына дейін жүргізілмек.
Бахыт Садвокасов