Денсаулық сақтау

Қайтыс болған 18 жастағы Айыртау ауданының тұрғынынан менингококк ауруы расталмады

Өткен аптада 18 жастағы Айыртау ауданының тұрғыны менингококк ауруынан қайтыс болғандығын хабарлаған болатынбыз. Дегенмен, бұл диагноз расталмай шықты.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті хабарлағандай, бүгінде анализдердің жаңа нәтижесі дайын болыпты. Зерттеу Айыртау аудандық ауруханасындағы бактериологиялық зертханада жүргізілген екен. Оның нәтижесі бойынша теріскейліктің мұрын қуысынан алынған сынамада менингококк инфекциясы анықталмаған. Алайда, жерлесіміздің стрептококк және гемофИльді таяқшаны жұқтырғаны белгілі болды.

Дәуренбек Бейсенбаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Менингококтық минингит диагнозы дәлелденген жоқ. Бүгінде марқұм қыздың бактериялдық-вирустық минингитке ұшырағандығы анықталып отыр. Бұл дерт кез-келген ауру түрін асқындырып алғаннан туындайды. Мұндай кесел сирек кездесетіндігін айта кетейік. Ал, менингококті індет жұқпалы саналады. Ол айналаға тез тарайды. Біз көз жұмған жанмен қатынаста болған 60-тан аса тұрғынды тексердік. Ешқайсысынан аурудың белгілері анықталған жоқ.

Култанов Байболат