Спорт

Петропавлда грэпплингтен ашық чемпионат өтті

Петропавлда грэпплингтен алғаш рет ашық чемпионат өтті. Дүбірлі додаға бразилия жекпе-жегін серік еткен 60-тан астам спортшы қатысты. Олар 6 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Байрақты бәсекеде еліміздің спортшыларымен қатар, Өзбекстан мен Тәжікстаннан ат терлетіп келген палуандар да күштерін байқады.

Ең алдымен, төрешілер жекпе-жек алаңына шыққан барлық спортшыларды сайыс ережелерімен таныстырып өтті. Қатысушыларға 5 минут уақыт беріледі. Олар осы аралықта қарсыластарына тұншықтыру әдісін қолданып, жеңіске жетулері керек. Басты ереже – омыртқа мен мойынға зақым келтірмеу. Жалпы, бүгінгі сайысқа 60-тан астам спортшы қатысуда.

Закиржан Мамлютов – СҚО бойынша грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті:

– Грэпплинг біздің елімізде жаңа дамып келе жатқан спорт түрі. Бүгін біз алғаш рет ашық чемпионат ұйымдастырып отырмыз. Оған Павлодар, Щучье Көкшетау, Астана, Петропавл қалалары мен Сергеевка, Новоишим, Бескөл сынды аудан орталықтары мен Өзбекстан елінің спортшылары қатысып жатыр.

Боз кілемге бірінші болып 66 келі салмақтағы Астаналық Ернұр Серікжанмен петропавлдық спортшы шықты. Елордалық жасөспірім бұл спорт түрімен 1,5 жыл айналысып келеді. Жекпе-жек барысында Ернұр “шаян” әдісін қолданды. Яғни, жерге отырып қарсыласының шабуылын тосты. Ал петропавлдық жігіт болса, оны қалай жығарын білмей әбігерге түсті. Ақыры астаналық палуанның айласы жүзеге асырып, ол жеңіске жетті.

Ернұр Серікжан – чемпионатқа қатысушы, Астана қаласы:

– Мен уақытынан бұрын жеңіске жеттім. Қарсыласым мықты.

Келесі кезек петропавлдық қос спортшыға келді. 21 жастағы Ербол Хамитов қазірден бапкерлікпен айналысады. Бүгін ол 71 келі салмақта сынға түсті.

Ербол Хамитов – чемпионатқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл жекпе-жекте мен жеңіске жеттім. Өте қуаныштымын. Грэпплингпен айналысқаныма 1 жылдың жүзі болды.

Жарыс нәтижесі бойынша абсолюттік чемпион атағына солтүстікқазақстандық Ернар Бегайдар қол жеткізді.

Молдир Макишева