Құқық қорғау органдары

ІІО 80 ардагері марапатталды

Ішкі істер органдарының ардагерлеріне де лайықты құрмет көрсетілді. Қарттар күніне орай мұнда 80 қария қошеметке бөленді. Олардың әрбірі саналы ғұмырының 20 жылдан астам уақытын құқық қорғау саласына арнаған.

Өңіріміздің бас полицейі Берік Біләлов бұл жандарды мерекемен құттықтап, атқарған мінсіз қызметтері үшін алғысын білдірді. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған жандар да бар. Бүгінде майдангерлердің алтауының ғана көзі тірі. Ведомство қызметкерлері оларды назардан тыс қалдырмай, жиі көмек көрсетіп тұрады. Шара барысында 10 жас қызметкер аға буын өкілдерінің баталарын алып, алғашқы офицерлік шендеріне ие болды. Өмірлік тәжірибесімен бөліскендердің қатарында ішкі істер органдарының ардагері Марат Смағұлов та бар.

Марат Смағұлов – ішкі істер органдарының ардагері:

– Менің әкем – Серік Сейтқазыұлы Смағұлов – Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Қан майданнан кейін ол ішкі істер органдарына қызметке орналасып, өмірінің соңына дейін адал еңбек етті. Зейнетке шықса да ізбасарлары оны ұмытпай үнемі мерекелермен құттықтап отырды. Өз ардагерлеріне құрмет көрсетіп жүргені үшін ІІД басшылығына алғысымды білдіремін. Мен де әкемнің жолын қуып, құқық қорғау саласына келдім. Жасаған таңдауым үшін еш өкінген емеспін.

 

Эльмира Садвокасова